Мұғалімдерге арналған "Қашықтан оқытуды үйренемін" онлайн-курсы басталады

0
5 007

Онлайн-курс еліміздің барлық педагогтерін кезең-кезеңмен оқытуды қамтитын кестеге сәйкес ұйымдастырылады.


Мұғалімдерге арналған

Еліміздің педагогтеріне арналған «Қашықтан оқытуды үйренемін» атты тегін онлайн-курсы басталады, деп хабарлайды ERNUR.KZ білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Онлайн-курс еліміздің барлық педагогтерін кезең-кезеңмен оқытуды қамтитын кестеге сәйкес ұйымдастырылады. Әрбір мұғалім, оның ішінде жоғары оқу орындарының педагогикалық мамандықтарында оқитын студенттері де жылдың соңына дейін осы курстан тегін өту мүмкіндігіне ие болады.

Онлайн-курс бағдарламасы интернет-сервистермен жұмыс істеу дағдыларын үйретуге бағытталған. Басты назар онлайн-сабақтарды жоспарлау мен тарату, виртуалды мұғалімдер кабинетінде жұмыс істеу, қазақстандық білім беру платформаларында оқушылармен және олардың ата-аналарымен жұмыс істеуді ұйымдастыру дағдыларына, сонымен қатар қашықтан оқыту форматының әдіснамасына, жаңа оқыту жағдайында бағалауға аударылатын болады.

Бұл курс қатысушылардың білім алуда өз бетімен уақыт және жылдамдықты таңдай алуы үшін бейсинхронды форматта өтеді.

Курс 18 мыңнан астам мектеп басшысы мен мұғалімнің онлайн сауалнамасы бойынша, сондай-ақ өткен оқу жылының 4-тоқсанындағы 300-ден аса онлайн сабақты бақылаудағы зерттеу нәтижесінде әзірленді.