Жүлде қоры 12 млн теңгені құрайды.
ERNUR.KZ. Елордада 5 шілде күні бәйге түрлерінен Елбасы кубогы республикалық турнирі өтеді. Бұл туралы бүгін Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан айтты, деп жазады ҚазАқпарат.
«Қазіргі уақытта елорданың «Қазанат» атшабарында эпидемиологиялық талаптардың барлығын сақтай отырып, спорттық іс-шараларымызды жүргізіп жатырмыз. ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі және Ұлттық спорт қауымдастығының ұйымдастыруымен 26 маусым мен 5 шілде аралығында ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған Қазақстан Көкпар федерациясының кубогы республикалық турнирі өтіп жатыр. Көкпар федерациясының кубогы клубтар арасында алғаш рет ұйымдастырылуда. Жүлде қоры 12 млн теңгені құрайды. Турнир алдағы уақытта да жалғасын табады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында.
Сонымен қатар Бекболат Тілеухан бүгін және ертең «Өнер көкпары» республикалық турнирі өтетіндігін, оған 13 команда қатысып жатқанын айтты.
«Ал 5 шілдеде бәйге түрлерінен Елбасы кубогы республикалық турнирі өтетін болады. Жарысқа еліміздің барлық өңірлерінен спортшылар, 100-ден астам сәйгүлік қатысатындығы жоспарланған. Бәйге бағдарламасына алғаш рет қазақтың қазанаты саналатын Қостанай тұқымды жылқылардың жарысы өтейін деп отыр. Жалпы 9 шақырымдық құнан бәйге, 16 шақырымдық кіші аламан, 25 шақырымдық аламан, 23 шақырымдық Қостанай тұқымды жылқылар бәйгесі болады. Жалпы бәйгенің жүлде қоры 21 млн теңгені құрайды», - деді Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті.