Оқушыға қол көтерген мектеп директоры 202 мың теңге айыппұл төлейтін болды

0
717

Оның үстіне ол жұмысынан қуылып, педагогикалық қызмет атқару құқығынан 2 жылға айырылды.


Оқушыға қол көтерген мектеп директоры 202 мың теңге айыппұл төлейтін болды

ERNUR.KZ. БҚО-да аудандық мектеп директорына қатысты сот үкімі шықты, деп жазады zakon.kz.

БҚО кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының 15 маусымдағы үкімімен аудандық мектептің директоры А. ҚР Қылмыстық кодекстің 140-бабы 2-бөлігі, яғни "Білім беру мекемесінің қызметкерінің кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеу міндеттерін тиісінше орындамауы, кәмелетке толмағанға қатыгездікпен қарау" бойынша кінәлі деп танылды. Айыпталушыға қатысты бұл бірінші рет тіркелген қылмыстық құқық бұзушылық екені ескере отырып, сот оны кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты педагогикалық лауазымды қызмет атқару құқығынан 2 жыл мерзімге айырып, 202 000 теңгені құрайтын 80 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салды, - делінген облыстық соттың баспасөз қызметінің хабарламасында.

Оқыс оқиға қоңырау кезінде директор кабинетінде болған. 11-сынып оқушысының үстінен мұғалім шағымданған. Мұғалімнің көзінше мектеп директоры кәмелетке толмаған баланың бет-әлпетіне және денесіне бірнеше рет соққы жасап, денсаулығына жеңіл зиян келтірді. Сот Батыс Қазақстан облысының білім беру басқармасы басшысының оқу орындарындағы оқушылардың қауіпсіз кеңістік құру, облыстың білім беру жүйесінің қызметкерлері арасында "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының талаптарын сақтау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу туралы жеке ұйғарым шығарды.

Сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.