Қазір емделушінің жағдай жақсы, шығуға дайын.
ERNUR.KZ. ШҚО трансплантациялау орталығында бүйрек ауыстыруға байланысты екі операция сәтті өтті, деп жазады Алтайньюс.
Республикалық трансплантация бойынша координациялық орталықтың басшысы Жақсылық Досқалиевтің жетекшілігімен ШҚО хирургтары өте күрделі операцияны сәтті жасады. Анасының бүйрегін алып, баласына салды. Жас бала облыстық орталықта емделуін жалғастырады.
Екінші операцияны жергілікті дәрігерлер өздері жасады. Емделуші – Күршім ауданының тұрғыны Анар Әубәкірова болды.
– Маған бұл операцияның ШҚО-да тұңғыш жасалғалы тұрғанын айтқанда, еш ойланбадым, күдіктенбедім де. Әпкем Әлия донор болды. Операция қиындықсыз өтті. Өзімді жақсы сезінемін. Бұрын қысымым 220-ға көтеріліп, әзер жүретін едім, қазір 140-қа түсті, – дейді Анар Әубәкірова.
Қазір емделушінің жағдай жақсы, шығуға дайын.
Аталмыш орталық осындай операцияларды енді қазан айына жоспарлап отыр. Жақсылық Досқалиев жергілікті дәрігерлердің ота жасауға білік-білімі жеткілікті екенін айтты.
– Облыс әкімі Даниал Ахметовтің қолдауымен мұнда жаңа операциялық жүйе орнаған. Емхана жоғары технологиялық операцияларды жасай алатын деңгейде. Бұл жерде бүйректі ғана емес, бауырды да ауыстыруға болады. Ең бастысы – бұл жергілікті дәрігерлердің талпынысын көрсетеді. Бүгінгі күннен бастап, бүйректі трансплантациялау барлық тұрғындар үшін қол жетімді деуге болады, – деді төрт сағаттық операциядан шығып, тілшілермен жүздескен профессор Досқалиев.
Бүйректі ауыстырған соң, иммунитетті қалпына келтіру үшін қажетті дәрі-дәрмектерді үзбей ішіп тұру қажет көрінеді. Жақсылық Досқалиев Қазақстан – түпнұсқа дәрілерді тегін беретін жалғыз мемлекет екенін атап өтті.
Енді ШҚО трансплантациялау орталығы еліміздегі төрт теңдессіз орталықты біріне айналды. Қазіргі уақытта аталмыш облыс бойынша 120 адам осы отаға мұқтаж. Тағы 500-ге жуық тұрғын донорлық ағзаға зәру.