Бұл – Қазақстан кинотеатрларындағы билеттің орташа бағасы 2 мың теңге деп есептегендегі көрсеткіш.
ERNUR.KZ. Мемлекеттен бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді де халықтың көріп, қуанып жатқаны шамалы. Бұл туралы Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев отандық киноиндустрия мәселесі бойынша жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп жазады inbusiness.kz.
"Кино түсіргісі келетіндер көбейгенімен, олардың дені өз қаражатына түсіріп жатыр. Мемлекет тарапынан бөлінген қаржының көбі өз араларында қалып жатқандай көрінеді. Өйткені, ұлттық киноны қолдау орталығының фильмдеріне не сұранысқа, не халық тарапынан қолдауға ие емес. Тіпті халық қазынасындағы қаржының миллиардтап құмға құйып жатқандаймыз. Мысалы, 2019-2023 жылдар аралығында отандық 100 фильмге шамамен 23 млрд теңге бөлінген. Ең қызығы, оның барлығы 100 пайыз игерілген, есебі тапсырылып, кино түсірілген. "Атлас интертеймент" компаниясы түсірген отандық "Время патриотов" фильміне 1 млрд қаржы жұмсалса, оның кассалық жинағы небары 10 млн теңге. Бұл – кеткен соманың бір пайызы ғана.
"Сатай фильм" түсірген "Боксшы" фильміне 900 млн теңге жұмсалса, кассалық жинақ небары 25 млн теңгені құрады. Фильмнің идеясы Олимпиада чемпионы Сәпиев туралы екені туралы білесіздер. Бірақ кино өте сапасыз әрі көрермендерге әсер сыйлай алмады", – деді Мәжіліс депутаты.
Оның сөзінше, "Медет фильм" түсірген "Лето 1941 года" отандық киносына 700 млн теңге бөлінсе, оның 2 млн теңгесі ғана қайтарылған.
"Бұл – кеткен шығыннан 350 есе аз. "Жизнь" фильміне 500 млн теңге кетсе, небары 650 мың теңгесі ғана қайтқан. Мысалы, орта есеппен кинотеатрлардағы билеттің бағасы 2 мың теңгені құраса, онда бұл фильмді 325 адам көріпті-мыс. Сонда сіз болып, біз болып, "Жизнь" деген фильмге бюджеттен жарты миллиард кетіріп, 325 адам көруі үшін ғана кино түсірдік пе? Мемлекет тарапынан бөлінген қаражатқа түсірілген фильмдерді де халықтың көріп, қуанып жатқаны шамалы", – деп толықтырды Дәулет Мұқаев.