Гендерлік теңдік қағидаттарын берік ұстанатын Швеция 7-орыннан көрінді.
ERNUR.KZ. "Парламентаралық Одақ" пен "БҰҰ-Әйелдер" келтірген деректерге сәйкес, Қазақстан бір палаталы Парламенттегі немесе Парламенттің төменгі палатасындағы әйелдердің үлесі бойынша әлемдік рейтингте 69-орында тұр, деп жазады inbusiness.kz.
Гендерлік теңдік қағидаттарын берік ұстанатын Швеция 7-орыннан көрінді. Көшбасшылар тізімін Руанда бастап тұр. Шығыс Африка елінде әйелдерге Парламенттің төменгі палатасындағы орындардың 61,3%-ы тиесілі. Десек те, Руанда басшылығындағы әйелдер үлесінің жоғары болуы тарихи жағдайларға тікелей байланысты. Неге десек, 1994 жылғы тутси халқына қарсы жасалған геноцид салдарынан елдегі ерлердің 20%-ы қаза тапқан. Құжаттарда бұл қырғыннан кейін Руанда халқының 60%-70%-ы әйелдерден тұратынын көрсеткен.
2021 жылы Парламент Мәжілісіне 29 әйел сайланды. Бұл депутаттардың жалпы санының 27%-ын ғана құрайды. 2016 жылы да осындай көрсеткіш болған. Бұл екі сайлау арасында елде партиялық тізімдерде әйелдер мен жастар үшін 30% квота енгізген заңнамалық реформалар жүргізілгенін атап өту керек.
Бұл аралас квотаны енгізу туралы шешім дауға қалды. Себебі бір-бірінің қолдауына мұқтаж екі демографиялық топ (әйелдер мен жастар) орындар үшін күресуге мәжбүр болды деген сындар айтылды. Осылайша квоталар туралы заң 2021 жылы сайланған әйелдердің үлесін арттыруға айтарлықтай әсер ете алмады.
Үкіметте 2 әйел министр бар. Олар Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният пен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова.
Мемлекеттік қызметтің гендерлік құрамын жалпы қарастыратын болсақ, Forbes.kz-тің 2018 жылғы деректері мемлекеттік қызметтегі әйелдердің үлесі 55% екенін көрсетеді. Үкіметте жұмыс істейтін әйелдер көбінесе маңызды лауазымдарды атқармайды. Олардың басым бөлігі әкімшілік қызметтерде жұмыс істейді. Басқарушылық лауазымдардағы әйелдер үлесі тым аз. Бар болғаны 4%-ды құрайды.
2021 жылы саяси мемлекеттік қызметшілер арасындағы әйелдер үлесі 9,1% болған.
Мәслихаттар мен жергілікті билік органдарындағы әйелдер саны да төмен. Бірақ басқа көрсеткіштерге қарағанда көп. 2021 жылы 3 мыңнан астам Мәслихат өкілдерінің 30%-ын әйелдер құрап, олардың саны 998-ге жеткен. Бұдан бөлек Атырау, Қарағанды, Қызылорда және Түркістан облыстарын есептемегенде 10 облыс шекті деңгейден асып түскен.