Бұл тәсіл түрлі химиялық заттар қосылған суды да ішуге жарамды етеді
ERNUR.KZ. Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері ағын суды тазалайтын кешенді желі жасап шығарды, деп жазады «Хабар 24».
Бұл тәсіл түрлі химиялық заттар қосылған суды да ішуге жарамды етеді. Бұл желі 100 литр лай суды 25 минутта тазартып шығарады. Инженер Варвара Рубе оған арнайы реактив қосып, лай суды тұндырған.
«Технологиялық желі еріген химиялық қоспаларды кетіреді. Ал, судың сапасы жоғалмайды. Нәтижесінде осындай таза су шығады. Міне, түсі де өзгерген. Тап – таза. Енді оны пайдалануға болады», - дейді ол.
Экологиялық жобаны Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің қызметкерлері жүзеге асырды. Олар «Ғылым қорынан» 143 млн теңге ұтып алды.
«Аталмыш университеттің ғалымдары өз лабораторияларында судың құрамын зерттеп, анықтап, жаңа технологиялар арқылы тазартуға болатынын дәлелдеп, ғылыми-зерттеу жұмыстарының есебін жасағаннан кейін бізден осындай қаржыландыруға ие болып отыр», - дейді ҚР БҒМ «Ғылым қоры» АҚ жобалау дирекциясы директорының м.а. Нұртас Әлішер.
Ғалымдардың айтуынша, Қазақстанда өндірістік сулар сирек тазартылады. Көбіне химиялық заттармен бірге өзендерге ағып кетеді. Сондықтан бұл жобаның маңызы айтпаса да түсінікті.