Өмірге және денсаулыққа қауіп тудырған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі.
ERNUR.KZ. Полиция қызметкерін пышақпен жарақаттаған Солтүстік Қазақстан облысының тұрғынына сот үкімі шықты, деп жазады ҚазАқпарат.
Оқиға наурыз айында болған. Мичурин көшесінің бойында ер адам жанжал шығарып, шақырту бойынша учаскелік полиция инспекторлары келген. Петропавл қаласының 32 жастағы тұрғыны мас болған. Ол келген тәртіп сақшыларына сынған бөтелкемен қарсы ұмтылған. Кейін кеңсе пышағымен полицейлердің бірін жарағаттаған. Жанжалқойға «Билік өкіліне қатысты күш қолдану» бабы бойынша айып тағылды.
«Бұл - қоғамдық тәртіп үшін үлкен қауіп төндіреді. Сондықтан күдіктілерге қатысты қамаққа алу түріндегі бұлтартпау шарасы ғана қолданылады. Өмір мен денсаулыққа қауіпті емес күш қолданғаны үшін ең төменгі жаза – 3 мың АЕК мөлшерінде айыппұл салынса, ең жоғары жаза – үш жылға бас бостандығынан айыру көзделген. Өмірге және денсаулыққа қауіп тудырған жағдайда 5 жылдан 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы беріледі. Жазаның ауырлығы қылмыстың қауіптілік деңгейіне байланысты. Полицейлердің заңды талаптарын орындау әр азаматтың міндеті», - дейді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары Еңбек Сембин.
Сот үкімімен қала тұрғынына екі жылға бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды.
Жалпы жыл басынан СҚО-да полиция қызметкерлеріне қатысты күш қолданудың 11 фактісі тіркелді, олардың 8-і қазіргі уақытта сотқа жіберілді.