Өрт кезінде үйде адамдар болған.
ERNUR.KZ. Алматыда полиция қызметкері жанып жатқан үйге кіріп, зейнеткерді алып шықты, деп жазады Polisia.kz.
Өрт түнгі үш шамасында Лазарев көшесіндегі жеке үйден шыққан. Өрт кезінде үйде адамдар болған. Бірінші болып көршілер дабыл қақты.
"Біз оянып кеттік, өрт болып жатыр екен. Полиция қызметкері қақпаны қағып, бәрімізді оятты. Онымен бірге ауланы айналып жүгірдік. Көршілерге баруға тырысты, үйдің терезелерін сындырды. Ер адамды алып шықты", – дейді оқиға куәгері.
Әуезов аудандық полиция басқармасының учаскелік инспекторы Бектемір Қауынбаев Лазарев көшесімен келе жатып, 79-үйдің шатыры өртеніп жатқанын көріп қалған.
"Алдымен жақын маңдағы үйлердің тұрғындарын оятып, оларды топтастырып, қауіпсіз қашықтықта тұруын сұрадым. Көршінің ауласы арқылы жанып тұрған үйдің ауласына кірдім. Үйдің терезесін сындырып, атаны шығарып алдым. Оны "жедел жәрдем" қызметкерлеріне тапсырдым. Өрт толық оқшауланғанға дейін өзім сол жерде болдым", – деді Қауынбаев.
Өрт кезінде үйде 71 жастағы ер адам, оның 33 жастағы өгей баласы мен 15 жастағы немересі болғаны анықталды. Өкінішке қарай, жасөспірім мен оның ағасы қайтыс болды. Зейнеткердің өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.