Бұл туралы Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев «Хабар» телеарнасының «Национальный интерес» бағдарламасына берген сұхбаты барысында хабарлады.
ERNUR.KZ. Оның айтуынша, еліміздегі тәртіп сақшылары 2022 жылдың 1 қаңтарынан бастап жұмысқа жаңа формамен кіріседі, деп жазады baq.kz.
Ішкі істер органдарын жаңғырту жөніндегі жол картасының бірінші тармағы бойынша тәртіп сақшыларының формасын жаңарту қарастырылған. Ең алдымен, полиция қызметкері – құтқарушы. Одан адамдар қорықпауы тиіс. Полиция формасын былтырдан бері әзірледік. Оның ыңғайлылығына мән бердік. Оны адамдар тануы тиіс. Шетелдік мемлекеттердің жобаларын талқыладық. Қою көк түс – әлем полициясының түсі болғандықтан, сол реңкті таңдадық, - деп атап өтті Ішкі істер министрі.
Сондай-ақ ол формада болатын барлық темір заттардан бас тарттық деп отыр.
Оның орнына кестелеп тігілген белгілерді қолдануды жөн деп таптық. Үлкен фуражканы да алып тастадық. Патрульдік және учаскелік полиция қызметкерлерінің киімі барынша ыңғайлы болғаны абзал. Форманың дизайнын өзіміз - Ішкі істер министрлігі ойластырдық. Мұның барлығы отандық өнім, яғни негізгі форманы түрмеде жазасын өтеп жатқандар тігеді, - деді ведомство басшысы.
Еске сала кетейік, бұған дейін кәмелетке толмаған 52 жеткіншек ауыр және аса ауыр қылмыс жасағаны туралы жазған болатынбыз.