Президент білім ошақтарындағы қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап әзірлеуді тапсырды

0
768

Биылдан бастап ірі мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары мамандандырылған күзет агенттіктерінің қызметтерін пайдалана бастады.


Президент білім ошақтарындағы қауіпсіздік жүйесіне бірыңғай талап әзірлеуді тапсырды

ERNUR.KZ. Алдағы уақытта қауіпсіздік агенттіктері мен мектеп арасындағы келісімшарттар 3 жылға жасалатын болады. Бұл туралы Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында хабарлады, деп жазады baq.kz.

Асхат Аймағамбетов желідегі жазбасында Президент мектеп, колледж және жоғары оқу орындарында білім алушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне ерекше назар аударғанын мәлімдеді.

"Биылдан бастап ірі мектептер, колледждер мен жоғары оқу орындары мамандандырылған күзет агенттіктерінің қызметтерін пайдалана бастады. Бұл ретте жүргізілетін мемлекеттік сатып алу рәсімдерінің нәтижесі тек 1 жылға дейін ғана жарамды болатынын ескеретін болсақ, білім беру ұйымдары үшін бұл өзекті проблемаға айналды", - делінген жазбада.

Мемлекет басшысы министрге білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелеріне бірыңғай талаптар әзірлеуді тапсырған. Нәтижесінде енді білім ошақтары мамандандырылған күзет қызметімен 3 жылға келісімшартқа отырады.

"Конкурс бойынша рәсімдердің өткізілуі мен қорытындысының шығарылуына, кей жағдайда шығарылған шешімге шағымдануға көп уақыт кетеді, тіпті күнтізбелік жыл аяқталып та жатады. Қауіпсіздік агенттігі үшін де, мектеп үшін де бірнеше айға ғана келісімшартқа отыру тиімсіз және қажет емес. Сонымен қатар білім беру ұйымдарының ерекшелігін ескерсек, күзетшілердің үнемі ауысып тұруы балалармен жұмыс істеу барысында кері әсер етеді. Сондықтан алдағы уақытта келісімшарттар 3 жыл мерзімге жасалатын болады. Сондай-ақ біз осындай сатып алу рәсімдеріне ерекше жағдайлар жасау бойынша бастама көтеретін боламыз", - дейді ведомства басшысы.

Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысы балалардың бос уақытын пайдалы өткізуіне және қосымша білім алуына жағдай жасау мәселелеріне ерекше тоқталған.

"Үкіметке оқушылар сарайын, музыка мектептерін, мемлекеттік балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдарын жекеменшік секторға беруге шектеу қоюды тапсырды. Аталған мәселені жүйелі түрде шешу мақсатында Президент тапсырмасы аясында музыка және көркемсурет мектептері, оқушы сарайлары мемлекет меншігінде қалып, балалардың игілігі үшін қызмет ететін болады", - деп жазады ол.

Жазба соңында министр Мемлекет басшысының барлық тапсырмалары жалпы білім саласының жүйелі түрде дамуына және балалардың құқығы мен мүддесіін қорғауға бағытталғандығын тағы да атап өтті. Қойылған міндеттерді орындау үшін қажетті жұмыстар жүргізетінін жеткізді.