Олар Қазақстан билігінен балаларының істерін елге әкеліп қарауды сұрап отыр.
ERNUR.KZ. Нашақорлық бойынша іс қозғалып, Ресейдің түрлі қалаларында қамауда отырған ҚР азаматтарының ата-аналары балаларын соғысқа қатысуға үгіттеп жатқанын айтып, шағымданған болатын, деп жазады baq.kz.
Олар Қазақстан билігінен балаларының істерін елге әкеліп қарауды сұрап отыр. Соңғы екі жылда осындай іспен шағымданатын ата-аналар саны көбейген. БАҚ өкілі осы мәселе жөніндегі деректерді СІМ брифингінде министрліктің ресми өкілінен сұрады.
Ондай ата-аналардың саны ары кетсе 10-нан да аспайды. 100-ден асты деген жалған ақпарат. Ол фактілердің бәрін білеміз. Бұл азаматтар жұмысты Telegram арналардан немесе әлеуметтік желілерден тауып алған. Өздері біледі қайда бара жатқандарын, не істеп жатқандарын. Туған-туыстарымен біздің консулдар байланыста. Бірнеше рет барып, олармен кездесіп келді. Ресей тарапымен де байланыстамыз. Айта кететін жайт Ресей түрмелерінде отырған Қазақстанның бірде-бір азаматы соғысқа әкетілген жоқ. Оны 100 пайыз растай аламын, - деді СІМ ресми өкілі Айбек Смадияров.
Ол ҚР азаматтары заңды басқа елде бұзса, сол елдің талаптарымен, заңымен жауап беретінін атады.
Сол елдің заңымен жаза шығып, түрмеге ауысқаннан кейін прокуратура іске кірісіп, бері қарай жазасын өтеуге ғана ауыстыра алады. Сондықтан Ресей тарапынан әлеуметтік желілерде немесе басқа да Telegram арналарда жұмыс ұсынылып жатса, онда мұқият тексеріп, өздерінің қауіпсіздіктерін ойлауын сұраймын, - деді Смадияров.