Ресейден келгендер қазақстандықтар істемейтін жұмысқа орналастырылады

0
639

Бүгінде 5300 ресейлік Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті.


Ресейден келгендер қазақстандықтар істемейтін жұмысқа орналастырылады

Үкімет Ресейден келгендерді қазақстандықтар істемейтін жұмысқа орналастырмақ. Сырттан келген азаматтар маусымдық жұмысшы, құрылыс секторында істей алады. Дегенмен жұмыспен қамтуда ең алдымен өз азаматтарымызға басымдық беріледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ КТК арнасына сілтеме жасап.

"Үкіметтің міндеті – бірінші кезекте өз отандастарымызды жұмыспен қамту. Оларға басымдық беру. Сырттан келген азаматтар қазақстандықтар арасында сұранысқа ие емес: маусымдық жұмысшылар, құрылыс секторы – гастарбайтерлер деп аталатын орынды алатын болады. Мемлекеттік компаниялардағы жұмысқа Қазақстан азаматтарын тартуға басымдық беріледі, бұл – ұлттық мүдде. Сонымен бірге еліміздің заңнамасын білуді талап етеді және құпиялылық жағы да бар", - дейді ҚР Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров.

Бүгінде Ресейден келгендер Қуантыров айтқандай қара жұмысқа емес, керісінше, аурухана, мектеп және ІТ салаға жұмысқа орналасып жатыр. Мәселен, Оралда Самарадан, Мәскеуден және Новосібірден келген үш дәрігер жұқпалы аурулар ауруханасына жұмысқа қабылданған. Мұны естіген Ұлттық экономика министрі бірден өзгере салды. Айтуынша, жеке секторда мамандар бәсекемен таңдалады. ІТ мамандарының деңгейі жоғары деп баға берген шенеунік бұл үрдістің әлі де жалғасатынына сенімді. Бүгінде 5300 ресейлік Қазақстанда жұмыс істеуге ниетті. Көрсеткіш күннен-күнге азайып жатыр дейді еңбек министрі. Егер көршілес ел азаматтарының саны Үкімет күткен шектен асып кетсе, сондай-ақ, ұлттық қауіпсіздікке қауіп төндірсе, онда шектеулер қойылуы әбден мүмкін.

"Еуразиялық экономикалық одағының шартына сәйкес, біздің азаматтарымыз Одаққа кіретін мемлекеттерге рұқсатсыз жұмыс істеуіне болады. Тура сол сияқты олардың азаматтары келіп, бізге рұқсатсыз жұмыс істеуіне болады. Бірақ, егер де келген азаматтар біздің ұлттық қауіпсіздігімізге қауіп төндіретін болса, онда біз қажетті салаларға шектеу қоюымызға болады", - дейді Тамара Дүйсенова ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.