Семейде Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы жетім қызға пәтер алып берді

0
1 128


Семейде Назарбаев зияткерлік мектебінің ұжымы жетім қызға пәтер алып берді

ERNUR.KZ.19 жастағы Еркежан Ерсінқызы ата-анасынан ерте айырылған. Облыстық білім басқармасымен арадағы ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар мен жетім балаларға әлеуметтік-патронаттық қолдау бойынша өзара ынтымақтастық аясында Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы 2013 жылдан бері Еркежанның тұрғын үй жинақ қорына қаржы аударып келген. Бүгін мектеп ұжымы бойжеткенге 1 бөлмелі пəтердің кілтін салтанатты түрде табыстады, деп жазады inform.kz.

Аягөз қаласының тумасы Еркежан Ерсінқызы бүгін өз пәтеріне қол жеткізді. Бала күнінен тағдырдың қатал сынына ұшыраған қызға баспана әперуге Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің ұжымы себепкер болды.

«Ұрпақ тәрбиешісі ретінде бізді дәл осы Еркежандай жастарымыздың келешегі алаңдатады. Қызымыздың бақытты сәтіне ортақтасып, арманына қол жеткізуіне себепші болғанымызға біз де қуаныштымыз. Біз пәтерді таңдау құқын Еркежанның өзіне бердік. Тек тиісті құжаттарының дұрыс рәсімделуіне қызметкерлеріміз көмектесті. Бұл баспана оған құт-береке әкелетін шаңырақ болсын деп тілейміз» - деді Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Бағдан Қайыржанов.


19 жастағы бойжеткен әкесінен сәби күнінде, анасынан 12 жасында айырылыпты. Соңғы 5 жылдан бері немерелес ағасы Роллан Суықбаевтың шаңырағында тұрып жатыр.

«Өз баспанам болғанын армандасам да, аяқасты үйлі боламын деп еш ойламаппын. Тіпті мектептен хабарласып, сенің банкте есеп-шотың бар, сол шоттағы ақшаға үй алып береміз дегенде мүлдем сенбедім. Бүгін қуаныштан толқып тұрмын. Өмірде қайырымды, жанашыр адамдардың бар екеніне көзім жетті», - дейді Еркежан Ерсінқызы.

Қазір Еркежан Аягөз қаласындағы политехникалық колледждің 3-курсында «Бағдарламашы» мамандығында оқып жүр.

«Оқуымды университетте жалғастырам деген жоспар бар. Келер жылы қалаға келемін», - деген Еркежанға мектеп ұжымы баспанасының алғашқы жиһазы ретінде микротолқынды пешті сыйға тартты.