Шет мемлекеттер басшылары Елбасын және қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтауда

0
2 946

Өзге мемлекет басшылары Қазақстан халқына бейбіт өмір және бақ-береке тілеген


Шет мемлекеттер басшылары Елбасын және қазақ елін Тәуелсіздік күнімен құттықтауда

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне орай шет мемлекеттер мен үкіметтер басшыларынан құттықтау жеделхаттары мен хаттар келіп түсуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік және ғылыми-техникалық дамудың өзекті мәселелерін шешуде айтарлықтай табысқа жеткенін атап өтіп, еліміздің БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде және Астана процесі аясында өңірлік және халықаралық күн тәртібінің мәселелерін шешуде маңызды рөл атқаратынына тоқталды.

«Мемлекеттеріміз арасындағы стратегиялық серіктестік пен одақтастық қарым-қатынастарды жоғары бағалаймыз. Біз бірлесе күш жұмылдыра отырып, барлық салалардағы екі жақты сындарлы ынтымақтастықты және Еуразиялық интеграциялық үдерістер аясындағы өзара ықпалдастықты одан әрі нығайтатынымызға сенімдімін. Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы! Сізге шын жүректен мықты денсаулық пен табыс, ал достас Қазақстан халқына амандық пен бақ-береке тілеймін», - делінген Ресей Президентінің құттықтау жеделхатында.

Польша Республикасының Президенті Анджей Дуда Қазақстанның көп жылдардан бері Польшаның Орталық Азиядағы негізгі серіктесі саналатынын және оған түрлі деңгейдегі тығыз қарым-қатынастарымыз дәлел екенін айтады.

«Бүгінде Қазақстан ұлты поляк көптеген адамның туған жері болып табылады. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, Қазақстан аумағында поляк мәдениетінің дамуына жағдай туғызғаныңыз үшін алғыс білдіремін», - деп атап өткен Польша Президенті. Әзербайжан Республикасының Президенті Ильхам Әлиев жеке өзінің және барша Әзербайжан халқының атынан Нұрсұлтан Назарбаевты және бүкіл қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, еліміздің жан-жақты және орнықты даму жолымен жүріп, мемлекеттілікті және экономиканы нығайтуда, сондай-ақ халықтың әл-ауқатын арттыруда зор табысқа жеткеніне тоқталды. «Елдеріңіз халықаралық және өңірлік ұйымдарда маңызды рөл атқарады және жоғары беделге ие. Өзара сенім мен қолдауға негізделген Әзербайжан мен Қазақстан арасындағы достық әрі стратегиялық әріптестік қарым-қатынастар тарихы, ұлттық және моральдық құндылықтары ортақ халықтарымыздың игілігі жолында дамитынына сенімдімін», - делінген хатта.

Бельгия Королі Филипп өзінің құттықтау жеделхатында екі мемлекет арасында қалыптасқан достық қарым-қатынастар мен ынтымақтастықтың маңыздылығын атап өткен. Австрия Республикасының Федералдық Президенті Александр Ван дер Беллен Қазақстан Президентін ұлттық мерекемен құттықтап, өзара экономикалық және энергетикалық ынтымақтастықты одан әрі қарқынды дамытуға ниетті екенін жеткізді.

Армения Премьер-Министрінің міндетін атқарушы Никол Пашинян өзінің хатында Қазақстанның мемлекет құру ісіндегі, экономиканы жаңғыртудағы және халықаралық беделін нығайтудағы дара жолына назар аударды. Украина Президенті Петр Порошенко құттықтау жеделхатында Қазақстанның тәуелсіздік жылдарында осы заманның саяси, экономикалық сын-тегеуріндеріне төтеп беріп, өңірдегі көшбасшылардың біріне айналғанын атап өткен.

Венгрия Президенті Янош Адер Нұрсұлтан Назарбаевты Тәуелсіздік күнімен құттықтап, Венгрия мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастардың ортақ салт-дәстүріміз бен тарихи байланыстарымыз тұрғысынан маңыздылығын атап өтіп, екі ел халықтарының достығын одан әрі нығайтудың және мәдени байланыстар аясын кеңейтудің қажеттігіне тоқталды.

Сонымен қатар, өздерінің жеделхаттарында Испания Королі VI Фелипе, Нидерланд Королі Виллем-Александр, Таиланд Королі Маха Вачиралонгкорн, Италия Республикасының Президенті Серджо Маттарелла, Латвия Республикасының Президенті Раймондс Вейонис, Литва Республикасының Президенті Дали Грибаускайте, Финляндия Республикасының Президенті Саули Нийнистё, Оңтүстік Африка Республикасының Президенті Матамела Сирил Рамафоза Қазақстан халқына бейбіт өмір және бақ-береке тілеген.