Шу ауданынан жылына 70 мың тонна фри өнімін шығаратын зауыт салынады

0
875

Жоба құны – 145 миллион АҚШ долларына тең.


Шу ауданынан жылына 70 мың тонна фри өнімін шығаратын зауыт салынады

ERNUR.KZ. Жамбыл облысы Шу ауданында фри картобын өндіретін зауыт салынады, деп жазады Skifnews.kz.

Зауыт құрылысы ағымдағы жылы басталмақ. «Тараз химиялық паркі» арнайы экономикалық аймағында салынатын кәсіпорын 2021 жылы іске қосылады деп күтілуде. Нидерландиялық белгілі «Farm Frites» компаниясының жобасы негізінде жүзеге асатын өндірістің қазіргі таңда жобалық сметалық құжаттары дайындалуда. Бұл жұмыс үшін Қазақстандық жобалау институты тартылған.

Жоба құны – 145 миллион АҚШ долларына тең. Зауыт жылына картоптан 70 мың тонна фри өнімін шығаруға қауқарлы болмақ. Құрылыс кезінде барлығы 400-дей адам жұмыспен қамтылады деп жоспарлануда. Өнім ішкі нарықпен қатар ТМД елдеріне де экспортталмақ.

Ағымдағы жылдың тамыз айында «Farm Frites Beheer B.V.» компаниясының басшылығы Жамбыл облысына келіп, «Химпарк Тараз» АЭА-ғы барлық инфрақұрылым жүйелерін барлап, онда жобаны жүзеге асыру және Шу ауданында картоп өсіру мүмкіндігін танысқан болатын. Екі жақты келіссөздер нәтижесінде зауыт құрылысы үшін жер телімінің шекаралары анықталып, бекітілген.

Айта кетейік, аталмыш голландиялық компанияның 40-тан астам мемлекетінде сату кеңселері және фабрикалары бар. Жылына 1,3 миллион тонна картоп өнімдерін 80-нен астам елге экспорттайды. Сондай-ақ, «Farm Frites» - әлемдегі фри өнімінің төртінші ірі өндірушісі және McDonalds пен басқа да фастфуд мейрамханаларының халықаралық жеткізушілерінің бірі болып табылады.