Бекжан Тіленшиев 32 жасқа қараған шағында қайтыс болды.
ERNUR.KZ. Тараз қаласында осыдан бес жыл бұрын аса қауіпті қылмыскерді ұстау барысында ауыр жарақат алған полицей Бекжан Тіленшиев ұзақ науқастан қайтыс болды, деп жазады Stan.kz.
Тараз қалалық ІІБ жол-патрульдеу полициясы батальонының полицейі, сержант Бекжан Тіленшиев 32 жасқа қараған шағында қайтыс болды. Тәртіп сақшысы 5 жыл бұрын қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде ауыр жарақат алған еді. Бұл туралы Жамбыл облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
"Бекжан Тіленшиев 1989 жылы 22 қазанда Жамбыл облысы Жуалы ауданы Шақпақ ата ауылында дүниеге келген. 2010 жылы Алматы мемлекеттік бизнес колледжін аяқтаған соң Қазақстан қарулы күштерінің қатарына шақырылған. Ал 2013 жылдан бастап құқық қорғау органдарында қызмет ете бастаған. 2016 жылы 19 маусым күні ол суық қаруланған аса қауіпті қылмыскерді ұстау кезінде мойны мен кеудесіне оқ тиіп, ауыр жарақат алған", - делінген ПД хабарламасында.
2016 жылдың 5 желтоқсанында Қазақстан Президентінің жарлығымен Бекжан Тіленшиев "Ерлігі үшін" медалімен марапатталды. 2017 жылдың сәуір айында ол денсаулығына байланысты ішкі істер органдарынан босатылды. Бекжан Тіленшиев ұзақ уақыт бойы елімізде және шетелде емделген. Алайда бұған қарамастан оның денсаулығы жақсармаған. Әріптесінің қазасына байланысты Жамбыл облысы полиция департаментінің жеке құрамы мен басшылығы, сондай-ақ ардагерлер кеңесі оның отбасына көңіл айтты.