Жоғалған баланы жедел тергеу тобы, ювеналды полицияның учаскелік инспекторлары іздеді.
ERNUR.KZ. Ақмола облысы Шортанды аудан орталығының тұрғындары полициядан 12 жастағы ұлын табуға көмектесуді сұрады. Бала кеше кешке жоғалып кеткен. Жеткіншек әкесінің көлігінің жүксалғышынан табылды, деп хабарлайды Sputnik.kz
Шортанды ауылының тұрғындары екі кештің арасында ұлдарын таба алмай, 30 қыркүйекте полицияға арызданған. 37 жастағы ер адам 2009 жылғы ұлы кеше кешке жоғалып кеткенін айтты. Бала кешкі астан соң, шамамен сағат 20.00-де үйден шығып, сол күйі оралмаған.
Жақындары, алдымен, баланы өздері іздеп табуға тырысады. Бірақ одан еш нәтиже шықпайды. Содан кейін ата-ана полиция бөлімінен көмек сұрайды. Баланы іздеуге жедел тергеу тобы, ювеналды полицияның учаскелік инспекторлары тартылды.
Тәртіп сақшылары баланы аз уақыттың ішінде тауып алды.
"Оқиға орнына келген полицейлер, ең алдымен, аула мен жақын маңды қарап шықты. Аулада үй иесінің жүрмейтін автокөлігі тұрған. Жүксалғышын ашса, бала әкесінің күпәйкесін жамылып, тыныш ұйықтап жатыр", - деді Ақмола облысы полиция департаментінің баспасөз қызметіндегілер.
Бала аман, денсаулығына еш қауіп жоқ екені анықталды. Тәртіп сақшылары ұлды ата-анасына тапсырды.