Түркиялық инвестор елімізге дәрі-дәрмектер жолдады

0
672

Бауырлас елдер Қазақстан мен Түркия COVID-19 індетіне қарсы бір-біріне көмек көрсетуді жалғастыруда.


Түркиялық инвестор елімізге дәрі-дәрмектер жолдады

ERNUR.KZ. Түркиялық «Nobel İlaç» дәрі-дәрмек компаниясы елімізге медициналық препараттар жіберді, деп жазады inbusiness.kz.

Қазақстанның Түркиядағы Елшілігі атсалысуымен сенбі күні Алматы әуежайына дәрі-дәрмектерден құралған жарты тонналық жүк келіп түсті. Осы қиын кезде түрік ағайындардан келіп түскен дәрі-дәрмектер еліміздің коронавирусқа қарсы күрес жүргізіп жатқан медициналық мекемелерінде қолданылатын болады.

«Қазақстан Елшілігінен алынған ақпаратқа сәйкес, еліңіздің кейбір дәрі-дәрмек қажеттілігін білген кезде, дереу әрекет еттік. Кейбіреулерін өзіміз өндірсек, кейбіреулерін басқа компаниялардан алдырып, науқастардың емделуіне септігін тигізеді деген ниетпен Қазақстан елшілігіне жолдадық. Осынау ауыртпалы кезеңде еңсеру үшін бір-бірімізге барлық мәселелерде демеу болу өте маңызды деп санаймыз. Біз бауырлас екі елдің халықтары мен барлық адамзат арасында осы індеттің таралуы жақын арада тоқтауын тілейміз. Қажет болған жағдайда екінші үйіміз саналатын бауырлас Қазақстанға әрдайым көмек көрсетуге дайынбыз» - деп атап өтті «Nobel İlaç» компаниясының басқарма төрағасы Хасан Улусой Қазақстан Республикасының Премьер-министрі Асқар Маминге жолдаған хатында.

«Nobel İlaç» компаниясы Түркия дәрі-дәрмек өндірісі нарығында көшбасшы компаниялардың бірі болып саналады. 2004 жылы компания Қазақстанға инвестиция салып, өз зауытын ашты. Қазіргі таңда компанияның Қазақстандағы филиалында 420 адам жұмыс істеуде, компания Қазақстанда 200-ден аса дәрі-дәрмек түрін өндіреді. Компанияның өнімдері көршілес Өзбекстан, Моңғолияға, Ресей және Қырғызстанға экспортталады.