"Ұлымды соққыға жықты": БҚО тұрғыны мектеп директорын айыптады

0
870

Сабақтан шыққан 11-сынып оқушысын мектеп директоры өз кабинетінде соққыға жығыпты.


ERNUR.KZ. Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданының тұрғыны мұғалімге "Баламды сабаған мектеп директоры жұмыстан кетсін!" деп айып тақты, деп хабарлайды "Астана" арнасы.


Оқушының туыстары «Мұндай әрекетке барған адам ұстаздыққа лайық емес, сондықтан мектептен қуылуы керек» деп есептейді. Олардың айтуынша, бұл оқиға былтыр қараша айында болған. Сабақтан шыққан 11-сынып оқушысын мектеп директоры өз кабинетінде соққыға жығыпты. Мектеп директорының не үшін мұндай қадамға барғаны белгісіз.

«Кім кінәлі, кімдер тергеуге кедергі жасады, сол кісілер тиісті жазасын алса дейміз және баланың құқығы заңды түрде қорғалса деген ойымыз бар. Бала жаман болып шыққан күннің өзінде де, директордың оны ұруға құқығы жоқ деп ойлаймын», - деп шағымданады жәбірленушінің ағасы Алмаз Жұмагелдиев.

Облыстық полиция департаментінде директордың үстінен Қылмыстық кодекстің 140-бабы бойынша іс қозғалған. Егер мұғалімнің жоғарыда келтірілген айыптарды жасағаны дәленденсе, ол үш жылға дейін мұғалім лауазымын атқару құқығынан айрылуы мүмкін. Бұдан бөлек, 160 айлық есептiк көрсеткiш көлемінде айыппұл салынуы тиіс.

Ал, облыстық білім басқармасы бұл істің нүктесін сот қоятынын айтады.

«Сырым аудандық білім беру бөлімінің мәлімдемесі бойынша Ақбасов директорлық лауазымнан шеттетіліп, сол мектепте басқа қызметте жұмыс істеп жатыр», - дейді БҚО Білім басқармасының баспасөз хатшысы Нұргүл Қаресова.