Унитазға байлап қойған: Желіде Атыраудағы мектеп-интернатта түсірілген жаншошырлық видео тарады

0
586

Мекеме директорына қатаң сөгіс жарияланды.


Унитазға байлап қойған: Желіде Атыраудағы мектеп-интернатта түсірілген жаншошырлық видео тарады

ERNUR.KZ. Атырау облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы әлеуметтік желіде тарап жатқан видеоға түсініктеме берді, деп жазады Azattyq Rýhy.

Басқарма басшысының орынбасары Альфия Төлеғариева бұл видеоны биыл 8 сәуірде шаруашылық бикесі Ұлбике Бисекенованың түсіргенін айтты.

«Оқиға бойынша аталған басқарма басшылығы Атырау облысының №3 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығының қызметкерлерімен ұжымдық жиын өткізіп, түсінік жұмыстарын жүргізген. Тиісті бақылау жүргізбеген аталған мекеме директорына қатаң сөгіс жарияланып, тәртіптік жаза қолданылды, - деп атап өтті басқарма басшысы орынбасары Альфия Төлеғариева.

Осы оқиғаға орай, облыстық прокуратура маусым айында жоғарыда аталған орталықтағы балалардың құқықтарын қорғау заңдылықтары қалай сақталып жатқандығын кешенді түрде тексерді. Облыс әкімінің бірінші орынбасары мен ҮЕҰ өкілдері орталыққа барып, ондағы қызмет көрсету барысымен танысты, ұжыммен түсіндіру жұмыстарын жүргізді.

Сондай ақ, облыс әкімінің орынбасары мен Кәмелетке толмаған балалар істері жөніндегі комиссия құрамындағы прокуратура, депутаттар, БАҚ, мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен көшпелі отырыс өтті. Комиссия мүшелері орталықты аралап, балалардың жағдайымен, ауқаттану жайымен жіті танысты.

Сонымен қатар, Альфия Төлеғариеваның айтуынша, орталықта мүлік ұрлығы болып, оған Ұлбике Бисекенованың қатысы бар екені анықталған.

«Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, Ұлбике Бисекенова істің мән-жайы анықталғанға дейін қызметтен уақытша шеттетілді. Қазір ол орталықтың қызметкері емес. Сондай-ақ, орталық ұжымы оған қатысты облыс прокурорының атына ұжымдық арыз жазды. Арызда оның қызметтік этиканы сақтамауы, ұрлыққа барғаны, жала жабу және басқа да заңбұзушылықтар туралы айтылған. Бүгінде Атырау қалалық полиция басқармасы ол таратқан бейнежазбаға қатысты тексеру жұмыстарын жүргізуде, - дейді Альфия Төлеғариева.