"Үш айға дейін созылады": Әкімдер әскери міндеттілерді жиындарға шақыруы мүмкін

0
919

Қазіргі кезде әскери бөлімдер орналасқан аймақтарда әскерилер коронавирусқа қарсы шараларға тартылды. Тағы бір бөлігі басқа аймақтарға ауыстырылды.


ERNUR.KZ. Қорғаныс министрі Нұрлан Ермекбаев әскери міндеттілерді арнаулы жиындарға шақыру тәртібін түсіндірді, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Министрдің айтуынша, әскери жиындардың негізгі мақсаты – халықтың денсаулығын қорғау. Президенттің жарлығына сәйкес, әкімдер әскери қызметке міндетті адамдарды арнайы жиындарға шақыра алады. Жергілікті билік адам санын өзі анықтайды.
"Заң бойынша әскери жиындар үш айға дейін созылады. Алайда нақты мерзімін жергілікті атқарушы органдардың өздері белгілейді. Олар өз бұйрығымен әскери жиындарды ұйымдастырып, барлық шаралардың атқарылуына қарай уақытынан бұрын аяқтай алады. Мәселен, кейбір облыс әкімдері әскери жиындарды 10 күн өткізе алады, басқалары одан да көп уақыт өткізуі мүмкін. Ал кейбір аймақтарда әскери міндеттілерді мүлдем шақырмауы да мүмкін", - деді Ермекбаев.
Оның сөзіне қарағанда, қазіргі кезде әскери бөлімдер орналасқан аймақтарда қажетті адам саны коронавирусқа қарсы шараларға тартылды. Ал әскери қызметкерлердің бір бөлігі басқа аймақтарға ауыстырылды.
"Арнайы жиындар кезінде әскери міндеттілер әскери қызметкердің мәртебесіне ие болады. Демек, заң бойынша оларға барлық әлеуметтік жеңілдік таралады. Соның ішінде тамақ, киім-кешек пен медициналық қызмет бар. Бұдан бөлек, жиындар кезінде әскери қызметке міндетті азаматтардың жұмыс орны және атқарған лауазымы сақталады", - деп атап көрсетті Ермекбаев.
Осы орайда министр арнайы жиындар мен мобилизацияны шатастырмау қажеттігін жеткізді. Мобилизация кезінде барлығы әскери режимге көшеді. Ал арнайы жиындар жыл сайын өткізіледі және оның шектеулі мерзімі бар.