Ұялы телефон сатушылар халықты қалай алдайды – үкіметке ұсыныс жасалды

0
236

Алаяқтар түпнұсқаның бірегей нөмірін көшіріп, контрабандалық телеофонға енгізе салады.


Ұялы телефон сатушылар халықты қалай алдайды – үкіметке ұсыныс жасалды

фото: J Pat Carter

ERNUR.KZ. Қазақстанда ұялы телефон сатушылар халықты да, үкіметті де алдап, қыруар қаржы төлемей отыр. Бұл туралы мәжіліс депутаты Екатерина Смышляева мәлімдеді, деп жазады sputnik.kz.
Былтыр мобильді құрылғылардың 64 проценті Қазақстанға заңсыз жеткізілген. Осылайша, ел бюджетіне 100 млрд теңгенің салығы түспей қалды. Ал халыққа түпнұсқа емес, қолдан жасалған телефондар сатылады."Алаяқтар түпнұсқаның бірегей нөмірін көшіріп, контрабандалық телеофонға енгізе салады. Осылайша, бір кодпен 5-6 заңсыз гаджет сатылады. Ондай телефондарды шекарадан салықсыз көптеп өткізу үшін бөтен біреудің немесе жалған төлқұжаттарды пайдаланып жатады", - деді Смышляева мәжілістің бүгінгі отырысында.
Осы орайда депутат кәсіпкерлердің тағы бір заңсыз схемасын жариялады. Олар алдымен салықты төлейді, артынан барлық тауарды шығарушы елге қайтарғандай болады. Осылайша, салығын қайтарып алады. Ал гаджеттер шын мәнінде ешқайда жіберілмей, өз елімізде заңсыз сатылады.
Мәжілістегі "AMANAT" фракциясы телефондардың IMEI-кодтарын кедендік мәліметтермен салыстыруды ұсынып отыр. Ол үшін екі ақпараттық жүйенің интеграциясын жасау керек. Бұдан бөлек, заңды түрде әкелінген ұялы телефондардың тізімі болуы шарт. Тізім әрбір тұтынушыға қолжетімді болуы қажет. Осыдан кейін заңсыз гаджеттерді оп-оңай бұғаттап отыруға болады.