Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

0
138

Жобаның алғашқы кезеңі 2025 жылдың IV тоқсанында іске қосылады.


Жамбыл облысында жүгеріні терең өңдейтін зауыттың құрылысы басталды

фото: Региональная служба коммуникаций Туркестанской области

ERNUR.KZ. Жамбыл облысында Fufeng Group компаниясының жүгеріні терең өңдейтін зауытының құрылысы басталды, деп жазады sputnik.kz.
Жоба Шу ауданында, "JIBEK JOLY" АЭА маңында жүзеге асырылып жатыр және Қазақстанның агроөнеркәсіптік секторындағы ең ірі жобалардың бірі болмақ.
Жалпы инвестиция көлемі — 800 млн АҚШ доллары, жоспарланған қуаттылығы — жылына 1 млн тонна жүгері өңдеу. Жобаның алғашқы кезеңі 2025 жылдың IV тоқсанында іске қосылады, ал зауыт толық қуатында 2026 жылы жұмыс істей бастайды.
Жоба лизин, натрий глутаматы, ксантан камедь және азықтық аминқышқылдары сияқты жоғары қосылған құны бар өнімдерді шығаруды қамтамасыз етеді. Бұл өнімдердің бағасы бастапқы шикізаттан 10–15 есе жоғары.
Жобаның инфрақұрылымына крахмал қанты зауыты, үш ферментациялық аминқышқыл зауыты және ағын суларды тазарту станциясы кіреді. Кейінірек тұз қышқылы мен сұйық аммиак сияқты химиялық компоненттерді өндіру жоспарланған.
Өнім Еуропалық Одаққа, Солтүстік Африкаға және Таяу Шығысқа экспортталады. Сонымен қатар Fufeng Group жергілікті аграрийлермен ұзақ мерзімді әріптестік орнатып, оларға тыңайтқыштар, заманауи агротехнологиялар ұсынып, офтейк-келісімшарттар аясында кепілді өткізу жүйесін енгізуді жоспарлап отыр.
"Шанхайдағы алғашқы келіссөзден бастап капсула салу сәтіне дейін бір жылдан аз уақыт өтті. Бұл — 800 млн доллар тікелей инвестиция және 1500 жаңа жұмыс орны. Біздің мақсатымыз — тек капитал тарту емес, сонымен қатар технологиялар, білікті кадрларды даярлау және инвестицияны өңірлерге, нақты салаларға, халықтың өміріне тұрақты түрде енгізу", - деп атап өтті Қазақстан сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Қуантыров.
"Қазақстандағы жоба — біздің жаһандық стратегиямыздың маңызды бөлігі. Қытайдағы зауыттар Азия нарығын, АҚШ-тағы өндіріс — Солтүстік және Латын Америкасын қамтамасыз етеді. Ал Жамбыл облысындағы зауыт Еуропа нарығына бағытталады", — деді Fufeng Group директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчунь салтанатты шарада.
Еске сала кетейік, Қазақстанда жобаны іске асыру жөніндегі келісімге Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтың KGIR-2024 форумында және Шанхай қаласындағы кездесулер барысында қол жеткізілген болатын.