Жасөспірім екі қыз елудегі әйелді сабап өлтірді

0
963

Қаршадай қыздардың қатігездігінен 51 жастағы Қостанай қаласының тұрғыны қаза тапты.


Жасөспірім екі қыз елудегі әйелді сабап өлтірді

Иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

ERNUR.KZ. Қостанайда 17 және 14 жастағы жасөспірімдер жабылып егде тартқан әйелді соққыға жыққан. Ауыр жарақат алған 51 жастағы қала тұрғыны ауруханада қаза тапты, деп жазады astanatv.kz.

Жалпақ жұрттың жағасын ұстатқан жантүршігерлік оқиға екі ай бұрын шаһардағы «Строитель» шағын ауданында болған. Көп қабатты үйдің ауласында екі қыз егде жастағы әйелді өлімші етіп сабап тастаған. Ауыр соққы алған ана ауруханада көз жұмды.

Тұрғындардың айтуынша бұрымдылар бұған дейін көп қабатты үйлердің кіре-берісінде желім иіскеп желігіп, көптің көзіне түскен көрінеді. Егде жастағы әйел мен екі күдікті жайында ешқандай ақпарат ала алмадық. Қаршадай қыздардың қай мектепте оқығаны да белгісіз. Белгілісі екі қызға қатысты қозғалған қылмыстық істі кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі сотта қаралады.

"Қылмыстық іс қостанай облыстық мамандандырылған ауданаралық кәмелетке толмағандар істері жөніндегі соттың қарауында.Күдіктілер ҚР қылмыстық кодексінің 106 бабы 3 бөлімі, яғни «денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру» бабы бойынша айыпталып отыр" - дейді Зәуре Едікова, Қостанай облыстық соты баспасөз қызметінің жетекшісі.