Тимур Ержанов — «Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімі 1-ші мотоатқыштар ротасының старшинасы, 3-сыныпты сержант.
Фото: Қорғаныс министрлігі
Тимур Ержанов — «Астана» өңірлік қолбасшылығы 31775 әскери бөлімі 1-ші мотоатқыштар ротасының старшинасы, 3-сыныпты сержант. Ол Қарағанды облысы Бұқар Жырау ауданы Шешенқара кентінен өз әскери бөліміне дейін жүгіріп келген.
7 сағат 21 минут 11 секундқа созылған жүгірісте марафоншыға әр 10 шақырым сайын әріптестері қолдау көрсетіп отырды. Әйтсе де Тимур Ержанов негізгі қашықтықты тек өз күшімен еңсеріп шыққан.
— Мен ұзақ уақыттан бері жүгірумен айналысамын, марафондарға да жиі қатысып тұрамын. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай символдық қашықтықты жүгіруге бел будым. Сол арқылы майданда қаза тапқандар мен ардагерлерге құрмет көрсеткім келді. Бөлім басшылығына және командаға қолдауы үшін рахмет айтамын, — деді Т. Ержанов.
Марафоншыны қолдауға оның туыстары да келді. Тимур жұбайы Жанармен бірге Айару, Әмина және Расул есімді үш бала тәрбиелеп отыр.