"Жөнсіз әзілдер, ұятсыз ойындар болмасын!": Асабаларға талап қойылды

0
1 311

​Алматыда той басқарып жүрген асабалардың құрылтайы өтті. Ел алдында жүрген жігіттер тойдағы азғындап кеткен әзілдер мен ойындарды талқылады.


ERNUR.KZ. Олар әріптестерін ұлттық құндылықты жоғары шығарып, арзан әзілдерден аулақ болуға шақырды, деп жазады exk.kz.

Тойдың асабасыз өтпейтіні рас. Бірақ қазіргі асабалардың дені хайп үшін түрлі қитұрқы әрекетке барып, күлдіремін деп бүлдіріп жатады. Оған дәлел — ғаламтордағы видеолар.

Дамбалы түскенше билеп, ойын ойнаймын деп дүйім жұртқа масқара болып жатқандар көп. Бұған асаба кінәлі ме, әлде той қонақтары ма? Экспресс К бұл тақырыпта бұған дейін жазған болатын.

Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында асабалар Алматыда бас қосты. Белгілі ақын, асаба Болатбек Оразбаев тойда жүрген жігіттерге өз ақыл-кеңесін айтты.

"Қазақтың әзіл деген сөзі бар, әжуә деген сөзі бар. Соның аражігін бізге ажыратып алу керек. Тойға келген адам көңіл көтеремін деп келеді. Бірақ үлкен кісілерге күлу дұрыс емес! Тойдағы би жарысты да реттеу керек! Кей адамдар ортаға шығып билеймін деп кейін күлкіге қалып жатады. Соны ойнататын кезде қыздарға білдірмей ескерту жасау керек. Келесі тойда ол қыз да ортаға шығу алдында ойланады. Сол бисіз-ақ сол той өтеді. Асаба деген қазаққа жаны ашып тұруы керек. Күлдіремін деп бүлдіріп алу бір-ақ сәт. Әр сөзге , әр қадамға сақ болуымыз және ұттық құндылығымызды биік қоюымыз қажет", — деді Болатбек Оразбаев.