«Баламның әкесі жайлы айтпаймын»
Көпшілікке «Келінжан» сериалындағы Балқия келін боп танылған актриса Нұргүл Мыңғатова «Жұлдызды шаңырақта» бағдарламасында балалық шағы мен жеке өмірі жайлы сыр шертті.
«Әкем ерте қайтыс боп кетті де, нағашы атамды «папа» деп, бесінші сыныпқа дейін сол кісінің қойнында ұйықтайтынмын. Үш жыл бұрын ол кісі де дүние салды. Балалық шағым жақсы өтті, нағашыларым жақсы тәрбие берді, қарады.
Кішкентай күнімнен еңбекке араластым. Бесінші сыныптан бастап сүт саттым. Әскери қалашық болатын, соған бір қолыма 6 литр, екіншісіне 6 литр сүт алып, үйме-үй, көпқабатты үйлерді аралап шығатынмын. Бар білген орысшамды айтып, олар менің түріме, тіліме қызығатын ба еді, әйтеуір тез-тез сатып қайтушы едім. Ал кешкі сүтті көршілерге саттым. Бірақ еркін өстім, еркелетіп өсірді. Бәрі өз ретімен, мөлшерімен болатын», - деді Нұргүл.
Актриса анасының небәрі 27 жасында жесір қалғанын айтып берді.
«Әкеміз қайтыс болған соң Аягөзге, нағашыларымыздың қолына көшіп келдік. Анам оқуға түсетін болды да, ағам екеумізді тастап, Алматыға кетті. Кейін Аягөзден үш бөлмелі пәтер алып, біз бөлек шықтық. Анамыз сол күйі тұрмысқа шықпады. Ол кезде бала едік қой, бәлкім бізге білдірмей, сырттай араласып, кездесіп көрген шығар. Бірақ тағдырын біреумен тоғыстырмады.
Мен де қазір жеке өмірім жайлы ешкімге айтпаймын, білетіндер де көп, білгісі келіп, сұрайтындар да аз емес. Бірақ еш жерде ол туралы айтпаймын. Кішкентай «Шиқылдағымды» босанғанымды да көп адам білмей қалды, «Қалай сонда?», «Бұл баланың әкесі кім?», «Асырап алған жоқ па?» деп небір әңгіме айтылды. Бірақ, ол туралы еш жерде тіс жарып айтқан емеспін», - деді актриса.
Нұргүлдің танымалдылығы «Балқия» әнінен кейін арта түскен. Қазір ол тойларға шығып, ән де айтып жүр екен.
«Балқия» әнінен кейін «Кавер-шоу» бағдарламасына қатыстым. Ақырындап ән жаздыра бастадым. Қазір енді тойға барсам «Әнші, актриса» деп таныстырып қалады. Бірақ мен әнші емеспін. Қоржынымда бұйырған бес әнім бар, тағы жаздырсам ба деп жүрмін. Алматының ішінде 500 мыңға, ал сырт жаққа одан сәл қымбаттау бағаға барып, өнерімді көрсетіп кетемін», - деп ағынан жарылды Нұргүл Мыңғатова.