«Дер кезінде дабыл қаққанда, Салтанат тірі қалар ма еді...»
Әнші Меруерт Түсіпбаева Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен қамауға алынып, сотталып жатқан экс-министр Қуандық Бишімбаевтың бұрынғы әйелін сынға алды. Өнер иесі Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қахарманды қайғылы оқиғаның есебінен танымалдылығын арттырып алды деп пікір білдірді.
«Бұл әйелді ең бірінші рет теледидардан, Бишімбаев мемлекеттен қаржы жымқырды деп күдікке ілінгенінде көрген едім. Сонда білімділігін бөлек қойғанда, күйеуіне деген адалдығы тәнті еткен еді. Бүкіл әлем қарсы шыққанда, қарлығаштың қанатымен су сепкендей, жан- тәнімен жұбайын, балаларының әкесін, сүйіктісін қорғап, жан ұшырғаны...
Салтанаттың трагедиясынан кейін, әр жерде бір жылтыңдап, сұхбат беріп , «өйтіп еді», «сөйтіп еді», «ал мен мықтымын, тірі қалдым» дегендей сайрап жүр. Алдында қалыптасқан ойымды 100 пайызға өзгертті. Егер бұл айел өзі ажырасып жатқан кезеңде дәл казіргідей жанайқайын қоғамға жеткізіп, ашық айтса ғой, Салтанат тірі болар ма еді деген ой келеді. Бірі кем дүние ғой...» - деп өкінішін білдірді Меруерт Түсіпбаева.
Әнші бұл мәселеде Назым Қахарманның балаларының жағдайын ойламағанын айтты.
«Ақсақ қой түстен кейін маңырай ма?! Бояуы сіңгенде, пәлен жыл тұрып, 3 бала туған еркекті жамандағаннан кімге пайда бар?! Ол қандай болса да , балалардың әкесі болып қалады, күлге аунап тумады ғой. Бұл жәйітті өзгерту мүмкін емес. Балаларының тегі, қаны – соныкі. Дау өршіп тұрған дәл казіргі уақытта, өз басым, ана ретінде балаларымның жан тыныштығы үшін үндемей отырар едім. Бұлай танымал болмай- ақ қойсақ деймін», - деді өнер иесі.