«Үйіңіздегі проблеманы айту ұят емес!»
Алматыда 3 баласымен 9 қабаттан секіріп кеткен әйелдің «Біз бұл өмірде, бізге берілген сынаққа төзе алмадық. Өмір сүруден шаршадық. Ешкімді кінәламаймыз. Ары қарай өмір сүрудің еш мәні қалмады, бізді кешіріңіздер. Кінәлілер өзі біледі» деген соңғы хаты кім-кімді де бей-жай қалдырмады. Оның ішінде шоу бизнес, өнер өкілдерінің де жанына батты. Олар өз ойларын инстаграмға жазды.
Белгілі продюсер, тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы аяулы қыздар, құрметті аналар, жаңадан күйеуге шыққан жас келіншектерге үндеу жасады.
- үйіңіздегі проблеманы айту ұят емес;
-жақыныңыздан көмек сұрау ұят емес;
-басыңыздағы қиындықты ел білсе ұят емес;
-психологқа бару ұят емес;
-ана-енеңіз күйеуіңізбен ашық сөйлессе ұят емес;
-өз пікіріңізді білдіру ұят емес.
Себебі, сізде адамсыз, жеке тұлғасыз.
«Ұят болады» деп тыйым салынған мәселелер уақтылы шешілсе кешегідей 1 әулеттің 3 бірдей ұрпағы өлімге қиылмас еді, - деді Ләйлә Сұлтанқызы.
Танымал тележүргізуші, журналист Қарагөз Сүлейменова әйелдің жазып кеткен хатынан зорлық-зомбылықты байқауға болатынын айтты.
«Бұл қоғамдық трагедия! 3 бейкүнә сәбидің өмірін қию…Мал екеш мал да төлін өзегінен теппейді! Балалардың жазығы қанша?
Әйелдің соңынан жазып кеткен хатынан зорлық-зомбылықты байқауға болады… Біз әйелдердің тәрбиесін жоғалтып алдық... Батыр аналарымыздың жолын жоғалтып алдық. Ана біткеннің бәрі баласын қоқысқа тастап, балконнан құлата берсе, ертеңгі күніміз не болады?! Бұл үлкен қасірет. Әйелдердің әлеуметтік тұрмысын да, рухани-моральдық жай күйімен жұмыс істеуді де, тәрбиелік жұмыстарды қарқынды жүргізуіміз қажет. Ешқандай ана баласын өлімге қимауы керек…Әттең-ай…» - деді ол.
Айтыскер ақын, «Асыл арна» телеарнасының директоры Мұхамеджан Тазабек құздан құлаған ана, құрбан болған үш перзент жайында «әр істің артында себеп бар, әр бақытсыз жанға виноват замандас бар» деп ойын былай өрбітті:
«Әрбір қасырет – қоғамның шіріген жібі, үзілген тамыры.
Әрбір бақытсыз оқиға – арлыларға аманат, жүрегі барларға жүк, ғылымы барға ғибрат!
Әрбір өлім – естіген құлға ескерту, уайымы бар жанға ұлы насихат!» - деді ақын.
Халықтың ерке әншісі Салтанат Бақаева жан түршіктірерлік оқиғаны естіп бір жылап алыпты.
«Нәзік жандар» деп атап кеткен атымыз бар, бірақ сол нәзіктігіміз әлсіздікке айналып кетпесе екен…Бір қолымен бесігін тербеп,бір қолымен әлемді тербеткен – Ана! Әйел қауімін сыйлай білейік…Бір-бірімізді сыйлайықшы, естиікші!» - деп жазды әнші.