«Дінді ұлттан биік қойып, тарихты теріске шығарған»
Танымал әзілкеш, асаба Ғалымжан Құрманбектің басы дауға қалды. Өнер иесі «Кешегі Қарасай батыр, Қабанбай батыр, Бөгенбай батырлар жер үшін емес, Ислам діні үшін соғысты» деп айды аспанға бір-ақ шығарған.
Асаба бұл сөзді Исламтанушы ғалымдар, имамдар, дін қызметкерлері жиналған үлкен кешті жүргізгенде айтқан.
«... Отанды сүю – иманнан». Кешегі Қабанбай, Бөгенбай, Махамбет, Исатай, Райымбек пен Қарасайлар жер үшін соғысқан жоқ, ағайын. Олар Ислам үшін соғысты. Ата дініміз үшін соғысты. Өйткені имансыз ұрпаққа жердің қажеті жоқ еді. Мына жерге ие болатын иманды ұрпақтың діні үшін соғысты. Алла жолында соғысты. Енді осы заманның батырлары сіздерсіздер. Сол соғысты жалғастырып келе жатқан сіздерсіздер, игі жақсылар», - деді ол жиналған қауымға.
Ғалымжан Құрманбектің осы пкірінен соң қоғам белсенділері, журналист, заңгер, тарихшы, дінтанушылардан құрылған бір топ азамат ресми шағым әзірлеп жатқан көрінеді. Бұл туралы Democrat.kz ақпараттық порталы жазды.
«Қолға ұстар, көзбен көрер нақты дәлел ретінде күні бүгінге дейін жатқан таңбалы тастарды айтпағанда, қазақ жерін қорғағанын айғақтап, мөрі басылып, тарихи тұлға ретінде танылған Қарасай, Қабанбай, Бөгенбай батырларымыз дін үшін емес, қазақтың даласын қорғау жолында соғысғаны әлемге мәлім. Өкінішке қарай, діни наным-сенімін ұлттан жоғары қоятын кейбіреулер осыған дейін салт-дәстүрімізді, әдет-ғұрпымызды жоққа шығарғаны аздай, енді мысықтабандап тарихымызға да ауыз салмақшы. Тарихты жоқа шығару – тұтас ұлтқа жасалған қастандық емес пе?» деп жазылған ақпарат құралдарында.
ERNUR.KZ тілгісі мәселенің мән-жайын білу үшін асаба Ғалымжан Құрманбектің өзіне телефон соғып еді, сөндірулі болды. Әріптестері оның түсірілім тобымен тау жаққа кеткенін жеткізді.