Қазақ эстрадасының жұлдыздары неге жаппай асабалыққа өтіп жатыр? Олардың асабалық қызметі қанша тұрады?
фото: ашық дереккөзден
Қазақ эстардасының сәнін келтіріп жүрген жұлдыздар тойдың да көрігін қыздыра алады. Тойға ұласқан кез-келген қазақтың қуанышында жұлдыздар ән алып, асабалық қызметтерін ұсынады. Ал, бір той басқарып, бірнеше әнді елдің алдында шырқап беру бағасы қандай? Көптің көкейіндегі сұрақтардың жауабы 31 арнадағы "Айта берсін" бағдарламасында белгілі болды.
Кешю тобының атышулы экс-мүшесі Камшат Жолдыбаева да той тізгінін алып, асабалық қызметті көрсетуді қолға алыпты. Тіпті, арнайы белгілеп қойған бағасы да бар. Есте қалар естелігіңізді Камшаттың жүргізгенін қаласаңыз, 1 миллион 200 мың теңгеңізді қолына санап бересіз. Ал, ертегілер әлемінің ханшайымы Қалаубаева Айгерім де әншіліктен бөлек той жүргізетін қыры барын байқатты. Қуыршақ әнші аталып кеткен Айгерім 800 мың теңгені қанағат тұтатын көрінеді. Тіпті, қосымша ән шырқап, би де билеп береді. Қазақтың асаба аруларының қатарында ақын Құрманай Бақтиярқызы да бар. Ол өзін тойға көбінесе әйел адамдар шақыратынын айтып қалды. Тойға шақырушылар 2 мың АҚШ доллары мен жол ақысын көтереді екен. Есесіне, бір тойдағы сөздерін екінші тойға арқалап апармайды екен.
"Мені тойға шақыратында әйел адамдар. Ал, әйелдер қаласа, еркектері ешқайда қашпайды. 28 жыл бойы бұл тізгінді алып жүруім, асаба қаздардың ханшайымы болып, ол тегін болған жоқ деп ойлаймын. Халықтың сенімінің арқасы",- деді Құрманай Бақтиярқызы.
Өзі композитор әрі әнші Нұрлан Еспановқа да тойының тізгінін сеніп тапсыратын қуаныш иелері миллион теңгесін жұмайды екен. Екі тілде бірдей жүргізетін асабалардың қатарын толықтырған Нұрлан мырза, қосымша ән де шырқап беретінін айтқан.
Ал, "Алдараспанның арланы" Нұржан Төлендиев бір тойды басқаруы 4 мың АҚШ доллар тұрады.
Театрдың тарланы, көбінесе кино әлемінде төбе көрсетіп жүрген Азамат Сатыбалды той тізгінін ұстауға 5 мың АҚШ долларын сұрайды.
Қазақ сахнасындағы танымал адамдардың арасынан ең қымбат асаба Тұрсынбек Қабатов болып шықты. Әзіл майталманы той басқаруға 15 мың АҚШ доллар алатын көрінеді. Бірден бағасын шарықтатып жіберген себебін Тұрсынбек түсіндіріп кеткен болатын.
"Тойға шақыратындар көбейіп кетті. Содан мен басқа жобаларыма дұрыс көңіл бөле алмадым. Содан алдым да бірден бағаны көтеріп жібердім. Қазір қалтасы көтеретіндер ғана шақырады. Аз, бірақ өзімнің басқа да жұмыстарымды атқаруға уақытым бар", - деді танымал әзілкеш.
Бұл бағаларды естіген қарапайым халық жағасын ұстап, бір күрсініп алған секілді. Қымбат асабалықты қалтасы көтермейтінін, ақшасы жетіп тұрса да Кәмшет Жолдыбаеваны шақырмайтынын жарыса жазып жатыр.
"Кәмшат та асабалыққа өткен бе?", "Кәмшатты кім шақырады екен тіпті, миллионға күлкілі", "Тек қана қалталылар ғана шақырады, бұл әртістерді", " Кәмшаттың гонарарына мен 180 адамға той берім ғой". "Қалтам көтерсе де шақырмаймын Кәмшатты", - деп оқырмандар пікір білдірді.