«Бізге түріктерден үйренетін нәрсе көп»
Белгілі актриса, Қайрат Нұртастың әйелі Жұлдыз Абдукаримова «Инстаграм» парақшасында балалық шағындағы естелікпен бөлісіп, астаналықтарды мәдениетті, әдепті болуға шақырды.
«Қонақ келе жатыр, үй жинаңдар!» Бала күнімнен білетінім, үйге қонақ келерде айналаны айнадай қылып, жалтыратып қоятынбыз. Анам арнайы ыдысын шығарып, дастарқанға бар тәттісін үйіп-төгетін. Бәріміздің үстімізге әдемі киім кигізіп, шашымызды тас қылып өріп қоятын. Келген қонаққа біздің тек жетістігімізді баяндап, реті келсе жаттаған тақпағымызды айтқызып, 5 деген бағаға толы күнделігімізді көрсетіп қалатын», - деді өнер иесі.
Ол сондай-ақ былтырғы Тәжікстанның Қазақстанға келіп өткізген жәрмеңкесін есіне алды.
«Айтпағым мынау, 8-16 қыркүйек аралығында Астанаға әлемнің түкпір-түкпірінен 5 мыңнан астам қонақ келеді. «5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары» өтеді. Барынша қонақжайлық танытайықшы. Өткенде тәжік жәрмеңкесіндегі «жабайылықты» ұмыту мүмкін емес. Қазақ деген ұлттың бейнесін көрсететін біз.
Мәселен өзім шет елге барғанда таңданатын бір жайды айтайыншы. Түркияда әуежайдан қонақүйге жеткенше такси жүргізушісі елінің тарихын, қаланың әсемдігін тамсана баяндайды. Ұлы тұлғаларын айтып мақтанады. Сүйсінесің. Сізге жолыққан әр туристтің алдында қазақ деген халықтың бейнесін көрсетіп тұрғаныңызды әрқайсымыз ұмытпайықшы», - деп өтініш білдірді Жұлдыз Абдукаримова.
Желі қолданушылары актрисаның бастамасын қуана қолдады.
«Дұрыс айтасыз, өте орынды мәселе көтердіңіз», «Осындайда қатты білінеді, барынша мәдениетті болайық, қазақтар!», «Дұрыс айтасыз, біздің таксистер қайтесм көп ақша алам деп шетелдіктерді алдап, алаяқтық жасап кетеді. Осы нәрсе тіпті ұят», «Өзімізді өзіміз мақтап, көтермесек, бізді біреу келіп мақтамайды» деп жазды көпшілік.