«Фитнес-клуб басшылығы блогерді залға кіргізбейтін болды»
Атышулы блогер Айжан Байзақованың туған інісі Әлихан Байзақовтың басы дауға қалды.
Ол Алматыдағы «INVICTUS» жаттығу залында түсірген видеосы көпшіліктің наразылығын тудырды. Блогер «Егер қыз ұсынысыңызға «жоқ» деп жауап берсе...» деп жаза келе, бокс «грушасын» аяусыз ұрып, теуіп жатқан видеосын жүктеген еді. Желі қолданушылары оның бұл әзілін дұрыс түсінбей, «қатыгездікке итермелейді», «зорлық-зомбылыққа үгіттейді» деп жазды.
Байзақованың інісі осы жағдайдан кейін «Инстаграм» парақшасынан видеоны өшіріп тастады. Ал «INVICTUS» фитнес-клубының өкілдері аталмыш жағдайға байланысты мәлімдеме жасап, алдағы уақытта Әлихан Байзақовты залға кіргізбейтіндерін жеткізді.
«Орынсыз видеоролик біз насихаттайтын құндылықтарға мүлдем сай келмейді. Сол себепті біз Әлиханға хабарласып, аталмыш бейнежазбаны өшіруін сұрадық. Алайда ол бас тартты. Блогер видеосында зорлық-зомблыққа үгіттейтін әрекеттер жоқ деп есептейді. Біздің клиенттеріміз келісімшартқа сәйкес, әлеуметтік тәртіп ережелерін бірдей ұстану қажет. Әлихан Байзақов ережені ұстанбағандықтан енді ол біздің залдарымызда жаттыға алмайды» деді олар.
Өз кезегінде Әлихан Байзақов «INVICTUS» клубына бірге істеген жұмысымыз үшін рахмет айтамын, тамаша жұмыс істедіңдер, сендерсіз маған қиын болады» деп фитнес-клубқа ренішін білдірді. Және астарлы әзілмен суреттер жариялады.