​ДОНОР болудың ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ қандай?

0
13 719

Кім донор бола алады? Донор қандай аурумен ауырмайды немесе қандай дертке көп шалдығады?


​ДОНОР болудың ПАЙДАСЫ мен ЗИЯНЫ қандай?

фото: kazanfirst.ru

Донор – қан тапсыратын адам. Оған көп талап қойылмайды. Донордың жасы 18-ден асқан болуы керек. Дәрігерлер донор болу денсаулықты жақсартады дейді. Тұрақты түрде қан тапсыратындар­дың өмірі шамамен 5 жылға ұза­рады екен. Ал бір рет қан тапсыр­ған донор орта есеппен үш адам­ның өмірін құтқара алады.

Донор болуға кез келгеннің мүмкіндігі бар. Бірақ қойылатын талаптарға сай болуы керек. Нақтырақ айтқанда:

  • 18-60 жастағы кез келген адам;
  • салмағы 50 келіден асуы тиіс;
  • дене температурасы 37 градустан төмен болуы керек;
  • систолалық қысымының сынап бағанасы 90-нан 160-қа дейін, ал диастолалық көрсеткіш 60-тан 100-ге дейін болуы шарт;
  • тамыр соғысы минутына 100-ден артық, 50-ден кем болмауы керек.


Донор болатын кез келген жан алдымен терапевт-трансфузиолог дәрігердің кеңесін алуы керек.


Донор болатын адам өз денсаулығына асқан жауапкершілікпен қарайды. Дұрыс тамақтану, үздіксіз спортпен айналысу, тұрақты түрде медициналық тексеруден өту олар үшін бұлжымас міндет.

Донор болатын адам жыл сайын қандағы қант, ге­могло­бин, холестерин мөлшерін, қан тобы мен резус-факторын анықтауы тиіс. Сонымен қатар, СПИД, сифилис секілді ауруларға талдау жа­сатуға міндетті.

фото: zakon.kz

ДОНОР болудың ПАЙДАСЫ қандай?

Үздіксіз қан тапсыратындардың денсаулығы мықты болады. Донорлардың иммундық жүйесі мықты, зат алмасуы өте жақсы деңгейде болады. Подагра (құяң ауруы), атеросклероз, асқазан, ұйқы безі және бауыр секілді аурулардан сақтанады. Оған қоса, жүрек-қан тамыр ауруларымен ауырмайды. Қан тапсыру арқылы ағзаны шлактан, улы заттан қорғайсыз әрі жүрек жұмысын жақсартасыз.

Донорлар жылына бір рет міндетті түрде толық тексеруден өткен соң оның денсаулығы мықты болары сөзсіз. Қажетті сараптаманың бәрін тегін жасатады.


Жылына қанша рет қан тапсыруға болады?

  • Ерлерге жылына 5 рет
  • Әйелдерге – 4 рет қан тапсыруға рұқсат.

Қан тапсырған донор сабақ­тан, жұ­мы­стан босатылады. Заң жүзінде еңбек­ақы­сы сақталып, екі күндік дема­лыс беріледі. Осы уақыт аралығында донор жақсылап тынығады. Күш жинап, бойын әлдендіреді. Әрі тамақ құрамына өте мұқият болғандары дұрыс.


ДОНОР болудың ЗИЯНЫ қандай?

Жоғарыда айтып өткеніміздей, донор болудың денсаулыққа пайдасы ұшан-теңіз. Десе де, шектен шыққан кез келген дүние зиянды болады. Сол секілді шамадан артық қан тапсыру да ағзаға айтарлықтай зиянын тигізеді. Мәселен:

Анемия

Егер сіз жылына белгілі бір мөлшерден артық қан берсеңіз қан аздыққа шалдығуыңыз мүмкін. Салдарынан ағза теміртапшылығына ұшырап, бауыр, бүйрек, өкпе секілді мүшелердің жұмысын нашарлатады.

Қан тамыр

Тамырда қанның өтуі қиындауы мүмкін. Егер тамыр жарылып, қан дұрыс алынбаса да, донорға кері әсер етеді.

Егер сіз донор болуға шешім қабылдасаңыз, міндетті түрде дәрігердің кеңесін тыңдап, тамағыңызға, саулығыңызға дұрыс көңіл бөліңіз.

фото: voronej.bezformata.com

Донор қан тапсырудың алдында қандай дайындықтан өтуі керек?

Денсаулығыңызға кері әсер етпеуі үшін мына ережені сақтаңыз. Өзіңізге физикалық салмақ салмаңыз, ауыр жұмыспен айналыспаңыз. Жақсылап тынығыңыз. Ешқашан ашқарынға қан тапсырмаңыз. Таңғы асқа құрамы дәрумендер мен минералды заттарға, көмірсуға бай тағамдар тұтыныңыз. 1 шыны тәтті шай ішуді ұмытпаңыз.

Ал жұмыртқа, ет, творог, сүт, жаңғақ, шұжық, шоколад, банан, құрма, сары май, фастфуд секілді тағамдарды жемеңіз.


Қан тапсырған соң қалай күтім жасау керек?

Қан тапсырып шыққан соң 15 минуттай отырыңыз. Сосын 1 шыны қою демделген тәтті шай немесе кофе ішіңіз. Физикалық салмақ салмаңыз, моншаға бармаңыз. Есесіне, көбірек су ішіп, калорияға бай тағамдарды тұтыныңыз.


Кімге донор болуға болмайды?

  • онкологиялық аурумен ауыратындарға;
  • сәуле ауруларына (лучевая болезнь) шалдыққандарға;
  • инфекциялық ауруларда;
  • жүрек-қан тамыры ауыратындарға;
  • құрты барларға;
  • асқазаны ауыратындарға;
  • бүйрек пен бауыры ауыратындарға;
  • тыныс демікпесі барларға;
  • тері ауруларында;
  • көз ауруларына ДОНОР болуға үзілді-кесілді тыйым салынады.


Міне, сіз біз берген мәліметтермен мұқият танысып шығып, өзіңіздің ДОНОР бола алатыныңызды немесе болмайтыныңызды біле аласыз. Донор болу – сауап іс. Сіздің бір тамшы қаныңыз бір адамды ажалдан арашалауы мүмкін. Тоқтайын деп тұрған жүректің жұмыс істетуі мүмкін. Сөнген үмітті жағуы мүмкін. Сіз кімге қан беріп жатқаныңызды білмейсіз. Бірақ танымайтын жандардың шын алғысына бөленесіз.


Материал түрлі дереккөздерінен алынды


Л.АХМЕТОВА,

ERNUR.KZ


Тағы оқыңыз:


ТАҢЕРТЕҢ салқын СУҒА түссеңіз ағзада қандай ӨЗГЕРІС болатынын білесіз бе?


ТАҢҚУРАЙ + СУ = ҚАҚЫРЫҚТЫ түсіреді


ИНФЕКЦИЯ мен ВИРУСТЫ өлтіру үшін ҚАЙНАҒАН СУ ішіңіз