​«Айықтырғышқа» түскендер»: Шымкенттегі арнайы қабылдау орнында өрімдей жас жігіттер жатыр

0
1 556

«Баламның тәрбиесін уысымнан шығарып алыппын»


​«Айықтырғышқа» түскендер»: Шымкенттегі арнайы қабылдау орнында өрімдей жас жігіттер жатыр
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қайрат Нұртас қамауға алынды» дегенді ести сала отырған жеріне жетіп бардық. Ел ішінде «вытрезвитель» атанып кеткен Шымкенттегі Әкімшілік қамауға алынған адамдарға арналған арнайы қабылдау орнында жатыр екен. Алайда біз барғанша танымал әншіні сот процесіне қатысу үшін басқа мекемеге әкетіп қалыпты. Амал жоқ, жайсыз оқиғаға тап болған жұлдыздың келуін күтіп, біраз уақыт әлгі мекеменің алдында аялдадық.


Әшейінде байқай бермейміз ғой, бірақ «вытрезвительдің» ішінде жатқандар өте көп екен. Оларға тамақ тасып, сусын сүйреп жүрген ата-аналардың қарасы үзілмейді. Бірінен кейін бірі, пакет-пакет тамақ, темекі әкеліп, қабылдайтын есіктен ішке кіргізіп жатыр. «Передачасын» бере сала темір торлы терезеге телмірген жақынымен тілдесіп қалуға асығады...


ERNUR.KZ тілшісі сол жерде тұрған адамдардың бір-екеуін әңгімеге тартып көрді.


«Іште жатқан балам ғой, - деді есімін атағысы келмеген көпбалалы ана. – Бұл балам кенжетайым, қырыққа таяған шағымда тапқаным. Жасына толар-толмас әкесі өмірден өтіп кетті де, бетіне жел, басына күн тигізбей өсірдім. Бұдан басқа үш балам бар, оларды бұл сияқты еркелеткен жоқпын. Әкелері кеткесін ерте есейіп кетті ме, еңбекке араласып, өз арбаларын өздері сүйреп кетті.


Негізі ер балаға еркектің тәрбиесі керек-ақ екен. Кішкентайынан өзім сөзін сөйлегенге ме, ағалары бірдеңе деп қалса алдыма жылап келетін. Ондайда қызғыштай қорғаймын. «Мама, бұны жігітше тәрбиелеу керек еді, неге етегіңізге орай бересіз» деп ашуланатын. Қазір солардың айтқанына көнбегеніме өкінем.


Мектепті әупірімдеп бітірді. Одан ақылы бөлімде жоғары білім алды. Оның ақшасын бауырлары жабылып жүріп төледі. Ағасының қасына жұмысқа кірген. Бірақ бастығымен келіспей, ол жерден шығып кетті. Сосын «Маған машина әперіңдер, «яндекспен» такси болам» деп қоймады. Ескілеу «гольф» әпердік. Біраз уақыт соны айдап, жұмыс істеп айналдырды да, артынан басқа машинаға ауыстырып алды. Үйге бір тиын табыс әкелмейді, бар тапқанын сол машинаға жапсырады. «Мейлі, аман жүрсе болды» деп үндемедім.


Сөйтіп жүргенде бір қызға үйленетін болып, тәтті шай іштік. «Мама, сырғаны тәтті шайда салып қояйықшы» деген соң алғашқы кездесуде 300 мыңға комплект апарып тақтым. Бір қарағанда биязы, әп-әдемі қыз боп көрінген. Ата-анасы да өзіміз сияқты қарапайым адамдар еді. Бірақ кейін екеуі ұрысып, үйленбейтін болып шешіпті. «Ойбай-ау, үйленбесең қызға берген алтынды қайтарып алайық» деп шыж-быж болдым. «Мен енді сүмірейіп алтын сұрап бармайтын шығармын, кетсе кетсін, соған қарап қалғанымыз жоқ» деп балам тулады.


Затымыз әйел болғасын ондайды жай қалдырамыз ба, ұялмай қыздың өзіне хабарластым. «Неғылса мен сыйлаған алтынды қайтарып берсең...» деп айтып едім, «Мен оны балаңызға баяғыда қайтарып қойғам» деді. Сөйтсем бұл алып, ломбардқа өткізіп, ақшасын жаратып тастапты. Естігенде күйіп кеттім, бірақ басқа балаларыма сыр білдірмедім.


Содан бір жылдан соң үйге келіншек әкелді. Дүркіретіп тойын істеп бердік. Келін жақында босанған. Осы айдың 12-не бесік той белгілеп, ел-жұртқа хабарлап та қойғанбыз. Ендігі тірлік мынау, балам күйдіріп мына жерге түсіп отыр. Алматыдан бірге оқыған достары келіп, солармен тойлату үшін тауға демалысқа барған еді. Бір-екі стакан ішіпті. Қазір ішкен адамдары полицейлерге жеткізіп тұратын «құлақтар» көп дейді ғой, кім біледі, сол таудан қайтар жолда ұсталыпты.


«Ақша беріп шығарып алайық» деп балаларыма осыншама жалындым. Көнбей қойды. «Отырсын, өмірді көрсін, шекесіне тимеген соң осылай тайраңдап жүр бұл балаңыз! Тіпті артынан тамақ та апармаңыз, аштан өлмейді» деп өзіме ұрысып берді. Бірақ ана жүрегі шыдасын ба, күніне бір рет артынып-тартынып келіп кетем.


Бәрінен қиыны, белгілеп қойған бесік той болды. Құдалар «күйеу бала қайда» деп сұраса не деп айтарымды білмей отырмын. «Іссапармен кетті» дейтіндей емес, таксист екенін бәрі біледі. Қиын жағдайда қалып тұрмыз. Осы жерден өмірді түсініп, ендігі қателік жасамайтындай болып шықса болар еді...»


Екінші кейіпкеріміз бала тәрбиесіне араласпай, бар жауапкершілікті әйеліне ысырып қойғанына өкінетінін жеткізді.


«Жұмыс деп жүріп жастық шақ өтті де кетті. Құдайдың берген төрт перзентін ешкімнен кем етпейін деп шапқылап жүріп тәрбиесіне немқұрайдылық танытыппын. Қазір Құдайға шүкір, дүние бар, ақша жеткілікті. Бірақ балалар бірінен бірі күйдіріп жатыр.


Мына жерде жатқаны үлкенім. Жиырма жасқа толғанда әкемнің ескі көлігін «жүріп-тұруыңа жараса болды» деп сыйлағам. Бір жылдай тепкілеп мінді де, келесі жылы «жаңасын әперші» деп жалынды. Оның сөзін шешесі де қолдай кетті. «Басқа балалардың алдында ескі машина мініп жүре ме, әпере салшы» деген соң салоннан су жаңа көлік әпердім.


Айдағанына көп болған жоқ, ДТП жасады. Өзінің аман қалғанына қуанып, көлікті толығымен жөндетіп бердік. Сосын түнгі клубтан ішіп шығып, полицейлердің қолына түсіп қалды. Оны ақшамен тындырып, жүргізуші куәлігін «құтқарып» қалдым. Осы жағдай кейін де қайталанды. Тағы бердік. Мынау – үшіншісі. Бұл жолы да құтқарып қалуға тырысып көріп едім, «Болмайды, медициналық экспертиза нәтижесі шығып, хаттамаға тігіліп кетті» деген жауап алдым.


Бір жағы осылай болғаны да дұрыс шығар. Достарым «қашанғы бәрін ақшамен шешесің, жас кезде қайта сондай жерді көріп, пісіп шықсын» деп ақыл айтты. Өзі негізі әжептеуір мекемеде жұмыс істейді. Ақысыз еңбек демалысын алу туралы өтініш жазып қалдырдық», - деп күрсінді С. есімді азамат.


Екі түрлі оқиғаны мысал еткендегі мақсатымыз, ата-аналар ұл баланың тәрбиесіне жастайынан көңіл бөлсе екен дейміз. Былайғы өмірде «айықтырғыштағы» адамдар жайлы біле бермейміз ғой, дегенмен онда да неше түрлі тағдыр иелері қамалып отыр. Ертеңгі күні ұлыңыз ұялтпасын десеңіз, осы бастан онымен сырласып, ақылыңызды айтып, дұрыс бағыт көрскеткеніңіз жөн екен.