​«Анам ақша сұрай береді»: оралдық әйел анасының зейнетақысына ортақтасатындарға ренішін айтты

0
1 018

«Аз ғұмырын рахаттанып өткізуге жағдай жасаңыз»


​«Анам ақша сұрай береді»: оралдық әйел анасының зейнетақысына ортақтасатындарға ренішін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Кейде біз ештеңенің байыбына бармай, астарына үңілмей жатып ашуға булығып, ұрыс шығарып жібереміз ғой. Бұл бәрінде бар пенделік қасиет шығар. Мен де одан кенде емеспін. Жақында ғана мамама ауырлау сөз айтып, кейін бұл ісім үшін қатты ұялдым», - дейді Гауһар есімді оралдық әйел.


Төркінінен жыраққа, Шымкенттен Орал қаласына тұрмысқа шығып кеткен оқырман бауырларына өкпелі. Жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне баян етті.


«Бір ана он баланы тауып, өсіре алады, бірақ кейін сол онбала бір ананы дұрыстап баға алмайды деген рас екен. Қазір анамыздың алдында ұятты боп отырмыз. Күтімі жоқ, жегісі келген нәрсені жей алмай, қажетті дәрі-дәрмегін ала алмай, іштен тынып жүр екен.


Бір әке-шешеден алтаумыз. Әкеміз ертеректе қайтыс боп кеткен. Анамыз тірі, жетпіс алтыға келеді биыл. Бәрімізге бірдей жоғары білім әпермесе де, шамасы жеткенше тәрбиеледі. Жақсы адам боп шығуымызға, еңбектен қашпауға баулыды. Қайткен күнде де ананың еңбегі ерен ғой, оны кейін, өзіміз ана болғанда түсіндік.


Бағымызға орай деймін бе, әлде керісінше ме, төрт қыз да жыраққа тұрмысқа шықтық. Ең жақын тұратыны кенже сіңлім, Таразға келін болған. Әйтеуір анда-санда сол барып, хабар алып тұрады. Қалғанымыз жылына бір мәрте, жазда ғана төркіндейміз. Басқа уақта бала-шағаның тірлігінен аттап баса алмайсың.


Біздің мамамның бір әдеті бар, звондап телефон соқсаң бітті «ақшаң болса, аз-маз аударып жіберші, дәрі-дәрмегіме керек боп жатыр, пәлен күні гәбім бар еді» деп сұрай береді. Басында үндемей, тапқанымды салып жіберіп тұратынмын. Сөйтсем ол менен ғана емес, басқа сіңлілерімнен де солай сұрап алады екен. Бірақ бір-бірімізге ол жайлы айтпаған соң білмейміз.


Осыдан біраз уақыт бұрын мамам тағы телефон соқты. «Қызым, не ғой...» деп келе жатыр еді, «мама, көк тиыным жоқ, өзіме де жетпей тұр. Екі балаңыздан сұраңыз, біз кеткен қызбыз, күйеуімнен тығып жинағанымды беріп жүрмін, соған да рахмет айтыңыз» деп ұрысып бердім. «Жарайды, қызым, әуре болма, бірдеңесі болар» деп телефонды қойып қойды.


Бір күні мамамның ең кішкентай сіңлісі хабарласып, ұзақ әңгімелестік. Әшейінде телефон соғып іздемейтін әпкем осы жолы жағдайымды асықпай, бүге-шүгесіне дейін сұрап алды. Соңынан хабарласқан жағдайын айтып, екеуміз ағыл-тегіл жылап қалдық.


«Осы уақытқа дейін айтпай жүр едім, ересек адамдар ғой, жағдайды өздері білер деп. Бірақ ешқайсың міз бақпай жүрсіңдер. Анау әпкемнің жағдайын кім ойлайды? Байғұс әпкемнің бір пенсиясы өзіне тимейді ғой, түскені түскендей кредитке кетіп жатыр. Анау Асхат үйді ремонттаймын деп шешесінің атынан кредит алған екен. Онымен ол үй біткен жоқ. Ары тартып, бері тартып алған ақшасын жоқ қылды.


Кеше әпкемді іздеп бардым. Жүзі жабырқаулы, дәрумен болсын деп алма, банан, көкөністер апарып едім, анау Асхаттың балалары аузынан тартып жеп отыр. «Көрген күнім осы, бұлар аузың қимылдаса жүгіріп келеді» деп әпкем амалсыз жымиды. Денсаулығы жоқ, қайта-қайта ауырып қалып жатыр екен. «Екі тізем жүргізбейді, көзім де көрмей барады, дәрі-дәрмек алайын десем ақша жоқ» деп отыр. Бәрің жабылып неге емдетпейсіңдер?!


Қартайған шағында жерге төсек салып жатады екен. Кереуеті жоқ, артынан барған шифонері де тозып, есіктері түсіп қалайын деп тұр. Тапқандарыңды өздеріне жұмсай бермей шешелеріңді неге ойламайсыңдар?!» деп ұрысты. Естігенде аң-таң болдым. «Әпше, біз мамама жиі-жиі ақша салып тұрамыз ғой, оның бәрі тек өзіне жұмсап жатыр, гәбіне береді ғой» деп жылап жібердім.


Содан көп уақыт өтпей төркініме жолға шықтым. Үйдің үлкені болған соң сіңлілеріме де «келіңдер, қара шаңырақта бас қосайық» деп бұйырдым. Біреуінен басқасы түгел жиналдық. Шынында да мамам азып, жағы суалып қалыпты. Күтімі жоқ екені көрініп тұр. Үстінде тозығы жеткен халат. Көріп жылап жібердім.


Жағдай сұрасып, шайға отырғанымыз сол еді, мамама біреу телефон соқты. Арғы жағынан өктемси сөйлеген бір қыздың даусы анық естіліп тұр. «Бүгіннен қалдырмай төлеңіздер!» деп бұйырды. Сосын артынша тағы біреу... «Банктен ғой, несиенің уақыты келіп қалған еді, соны төлеңіздер деп жатыр. Осыларға рахмет, айына екі-үш рет іздеп тұрады» деп әзілдегенсіп күлді. «Мама, өткенде ғана мен 50 мың, Лаура 30 мың салып еді ғой, әлі төлемегенсіз бе?» деп ұрысып бердім.


«Абайдың денсаулығы болмай, белі ауырып жүрген екен. Дәріге ақшам жетпей жүр деген соң соған бердім азғантай ақша. Одан соның үлкен қызы жарыстан бірінші орын алып келген екен, «сүйінші» деп медалін көрсетіп еді, он мың қыстырдым, қолын құр қойғым келмей. Мынау Асхаттың жұмысы дұрыс жүрмей жатыр, үйде ет таусылған. Қызылсырап қалған соң көршіден бір жілік ет алғам, оның да уақыты келіп, ақшаның жартысын соған бердім. Пенсиямның жартысы бір банктің несиесіне кетеді, қалғанына үйге азық-түлік әпердім. Айтпақшы, Жанар қызына бесік апармақшы, өз енесі қайтыс боп кеткен ғой. Нағашы әжесі боп ең болмаса бесігін әперейін деп 30 мың салып жібердім. Апсадай басыммен сымпиып қалай барам?!» дегенде жылап жібердім. Сорлы анам-ай, өзін емес, ұл-қыздарының жағдайын ойлап, тапқанын той-томалаққа жұмсап жүрген жомарттығына бір күйініп, бір сүйіндім. Ел-жұрттың көңіліне қарап, соларды ойлап сүйкімді тамағын алып жей алмай отырғанына налыдым. Анда-санда арзымас ақша салып, оны мінжет қылып отырғаныма жерге кіріп кетердей ұялдым.


Сөйтіп кешкі аста жиналыс жасап, екі ініме әбден ұрыстым. «Бұдан былай мамамның зейнетақысын өзі алатын болсын! Несиені алған сендер, қалай төлейсіңдер, оған мамамның басы қатпайтын болсын! Зіңгіттей бастарыңмен қаусаған мамамнан ақша сұрап келуге қалай ұялмайсыңдар? Бала-шағаларыңды асырай алмасаңдар нене туғыздыңдар? Айлығың жетпесе екінші жерге жұмысқа тұр, өл-тіріл, бірақ отбасыңды өзің асыра!» деп бір сағат лекция оқыдым.

Сосын бәріне «Ай сайын жиырма мыңнан мамама ақша салып отырасыңдар, күніне тиындап жинасаңдар да сол ақша жиналып қалады. Емдетеміз. Тап қазір тыққан-пыққан ақшаларыңды шығарыңдар, ертең базарға барып мамама «спальный гарнитур» әперем» деп сөзімді аяқтадым.


Сенесіз бе, салық салсаң ақша да табылады екен. Шешелерінен ақша сұрап жүрген екі інім де сұраған ақшамды тауып әкеліп берді. Және бәрі бірауыздан менің сөзіме тоқталды. Ертеңіне анамды базарға апарып бастан-аяқ киіндірдім. Дәмханаға кіргізіп сүйген тамағын әпердім. Моншаға түсіріп, массаж жасап, бір аптамды анама арнадым. Балаша мәз боп қалды.


Ел ішінде менің екі інім сияқты шешелерінің зейнетақысына жармасатындар көп шығар. Бұл оқиға соларға сабақ болсыншы деп айтып отырмын. Ананың орны бөлек, оның алдындағы парызымызды неше миллион берсек те өтей алмаймыз ғой. Сондықтан бермесек те өзіне тиесілі ақшаны өзі жұмсауына мүмкіндік берейікші. Аз ғұмырын рахатта өткізсінші дегім келеді».