​«Анам екеумізді үйден қуып шыққан»: өскемендік бойжеткен әкесінің адасқанын айтып берді

0
945

«Отбасымыздың берекесі мен байлығы анаммен бірге кетті»


​«Анам екеумізді үйден қуып шыққан»: өскемендік бойжеткен әкесінің адасқанын айтып берді
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Байқайсыздар ма, кейде бір адам өмірден өтсе, бүкіл отбасының берекесі, тыныштығы сол адамға байланып тұрғандай, проблемалар үсті-үстіне қосылып, отбасы мүшелерінің тоз-тозы шығып кетеді. Біздің үйдің берекесі анам екен. Ол кеткелі әкемнің де, ағамның да жағдайы мәз емес, тентіреп кетті. Бірақ оларға жаны ашып отырған мен жоқ, өздерінен көрсін» дейді Аягүл есімді бойжеткен.


Өскемендік оқырманымыздың ERNUR.KZ редакциясының әлеуметтік желідегі парақшасына жазған хатынан түсінгеніміз, марқұм анасын әкесі әбден қорлаған екен. Оқиғаның қалай болғанын бастан-аяқ баяндапты.


«Мамам өмірден өткелі бәрімізден береке кетті. Оның жоқтығы ең алдымен маған қатты батты. Себебі мектепке барғаннан екеуміз бөлек өмір сүрдік. Әкем анамды үйден қуып шыққан.


Біз бақуат тұратынбыз. Әкемнің жеке таксопаркі болды. Одан бөлек қаланың бірнеше жерінен көлік жөндейтін, жуатын орталықтар ашып тастаған. Қосалқы бөлшектер әкеп сататын үш дүкені бар болатын. Үлкен етіп үй салды, жаңа машинаны нәскише ауыстырды. Араласатын ортасы да өзгеріп, әкем мамама менсібей қарайтынды шығарды.


«Не мынау, былшиып семіріп кеткенсің, үстіңдегіні тряпка қылсайшы» деп кекетіп, пісірген тамағын «сен осы ет тамақ пен палаудан басқа нәрсе білесің бе, күнде ет жеп шығып кеттік» деп менсінбей отыратын. Қысқасы, қазір ойлап отырсам ол басқа біреуді тауып, мамамнан құтылудың жолын таппай жүрген екен.


Мамам менен кейін екі рет құрсақ көтерді. Бірақ ай-күніне жетпей тастап қойды. Сол кезде әкем «сен қатынның қолынан бала туу да келмейді екен, мен ажырасып, туатын әйел алам» деп мамамды үйден қуып шықты. Жетіге енді толған кезім ғой, «мен де мамаммен кетем» деп әкемді жақтырмай, киімдерімді жинап, үйден шығып кеткем. Ал ағам бақуат өмірді тастап кете алмады, оннан асқан, есі кіріп қалған бала ғой. «Мен папаммен қалам» деді ол.


Біз қаланың шетіндегі "хрущевка" дейтін екі қабатты үйдің бір бөлмелі пәтерінде тұрақтадық. Мамамның әкесі қайтыс болардан алдын атына жазып кеткен екен. «Баспанамыздың барына шүкір» деп мамам ішін жуып-тазалап, айнадай етіп жалтыратып қойды.


Мамам мұғалім боп істейтін, екеуміздің өмір сүруімізге жетті, бірақ әбден дәмді тамақ ішіп, тәттілердің түр-түрін жеп қалған маған көндігу оңай болмады. Бір шетінен әкемді, ағамды сағынып жылап қалатынмын. Әкем бізді сол күйі іздеп келмеді, туған күнде, мерекелерде көмекшісінен, таксиден сыйлық пен торт беріп жіберетін...


Мен де оның перзентімін ғой, арасында келіп, жағдайымды сұрап тұрса болар еді ғой. Осы ой күн өткен сайын әкеме деген өкпе-ренішті ұлғайта берді. Бізді қуып шыққан соң көп ұзамай бір әйелге үйленген. Онысынан бір қыз тапты. Бірақ көп ұзамай ажырасып, әйелі қызын алып кетіп қалған. Сосын тағы біреуді тапқан. Онысы да әкемнің мінезіне шыдамады-ау, бір жылдан кейін ажырасып кетті.


Мектепті жақсы оқыдым, мамам математик еді, мені тестке өзі дайындады. «Досқа күлкі, дұшпанға таба болмай грантқа түсіп кетсең болар еді» деп тілеп отырушы еді. Жолым болып мамамды қуанттым. Универде де ең алды болдым, үздік бітірдім.


Мамамның жолын қуып, мұғалімдікті таңдап, колледжге жұмысқа тұрған жылы ең жақын адамым өмірден өтті. Денсаулығы мәз емес еді, давление, қант диабеті деген ауруға шалдығып, дәрінің күшімен жүретін. Мамам кеткесін өмірде жалғыз қалғандай күйге түстім.

Жаназасына келген әкем мен ағам «біздің үйге жүр, бірге тұрасың» деп еді, бармай қойдым. Тіпті жаназада айқай-шу шығарып, екеуін қуып шықтым. Неше жылғы ызам дәл сол жерде жарылды.

«Мамамды өлтірген сендерсіңдер, қуып шықпағанда тірі жүрер еді. Сен Дамир, мамам кездесуге барғанда бөлмеңнен шықпай жатып алушы едің, әперген сыйлықтарын менсінбей, көз алдында тастай салатынсың. Соның бәрі жүрегін ауыртатын» деп ақтарылдым.


Мамамның қайтыс болғанына жылға жуық өткенде әкем банкрот болды. Бизнестері бірінен кейін бірі жабылды. Ірі көлемде несие алып, Қытайдан тауар алдырмақшы болғанда арадағы адамдар алдап кетіп, бар дүниесінен айырылды. Ақшасыз, дүниесіз қалған әкемнің алғашқы әрекеті менен үйіме паналатуды сұрағаны болды. Кезінде бізді менсінбей, үйге іздеп келуге намыстанып, көмекшісінен сыйлық беріп жіберетін адамның енді БОМЖ боп жүргеніне қуандым.


Ағам әкеміздің ақшасына шалқып өмір сүріп, әкеміздің жанында тиіп-қашып жұмыс істеп жүретін, бәрінен айырылғаннан соң босқа сенделіп, достарымен бірге Алматыға кетіп қалды. Ал әкем інісінің времянкасына көшіп барды. Қазір екі мекемеде кезектесіп күзетші боп жүр. Бір жолы әкем «қарызға ақша бере тұршы» деп өтініп келді. «Қай бетіңмен келдің» деп ашуландым. Бірақ артынан ойлана келе қолына сұраған 20 мыңын беріп жібердім.


Қазір психологтар «қыз баласының тағдырына әкесімен қарым-қатынасы тікелей әсер етеді» деп айтып жатыр ғой. Менің тұрмысқа шықпай жүруіме де әкеме деген өкпем себепкер шығар. Осы күні татуласып, кешіре салғаным дұрыс па деп жүрмін. Себебі ол өзінің сыбағасын, істеген ісінің жазасын алып қойды. Қаңғып қалды...»