​«Анама «жарымессің» деп ұрысушы еді»: шымкенттік келіншек келініне күн көрсетпейтін әжесі туралы айтып берді

0
6 509

«Фундаментін құйып қойған үйді қайта бұздырып, салғызған»


​«Анама «жарымессің» деп ұрысушы еді»: шымкенттік келіншек келініне күн көрсетпейтін әжесі туралы айтып берді

иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Бала күнімнен бір көрініс көз алдымда қалып кеткен. Әлі ұмыта алмаймын. Сол нәрсені хатпен жазып, сыртқа шығарып тастасам деп едім. Бір сәт жеңілдеп, іштегі өкпе-ренішім азаяр деген ниет қой», - депті ERNUR.KZ редакциясына хат жолдаған Гауһар есімді оқырманымыз.


Бүгінде екі баланың анасы боп отырған Гауһар қартайған әжесімен болған оқиғаны баяндапты.


«Кішкентай кезім ғой, әкем, оның інілері үйдің жанынан үлкен үй тұрғызатын болды. Дәл сол кезден бір апта бұрын әжем қалада тұратын әпкеміздің үйіне кеткен. Үйдегілер ол жоқта асарлатып фундамент құйып тастаған. Бәрі бітіп, кірпішін қалайтын уақытта әжем қаладан келді. Келді де үйдің азан-қазанын шығарды. «Мына үйді неге менімен ақылдаспай саласыңдар?! Кім сызды мына үйдің сызбасын?! Маған түк те ұнап тұрған жоқ, бұзыңдар! Ештеңе білмеймін, әкел қағаз-қаламыңды, мен сызып берем!» деп іргетасы қаланып қалған үйдің біраз жерін өзгертіп тастады. «Апа, цементін құйып қойдық қой» деп әкем шарасыз көзімен бір қарап еді, «Саған біреу менімен ақылдаспай тірлік қыл деді ме? Бұзасың енді» деп тоқ етерін айтты. Ертеңіне ағаларым, ағайын кісілер, бәрі жабылып, үйді әжеміздің айтқанындай етіп қайта жасауға кірісіп кетті.


Осы жағдайда мен кішкентай жүрегіммен әжемді жек көріп кеткем. «Оңбаған екен ғой, балаларының еңбегін аямай ма? Шешеме күн көрсетпейтіні бір төбе, енді өз балаларына шабуылдап жатыр» деп атарға оғым болмай отыратынмын.


Рас, әжем өте адуынды кісі болды. Біздің әулеттің келіндері оның алдында аяғының ұшымен жүретін. Сонда да біреуі бетіне келіп, қарсы сөйлеген емес.

Әлі есімде, бір жолы үйде ет астық. Адам көп, шешем байғұс төрт зуала қамырды жайып, түс қайтқаннан қазанның басында күйбеңдеп, тамақты пісірді. Кешкісін жұрт жиналғанда қамырын салып, ортаға әкеп қойды. Әрине, бір табақ етті әжем ұстайды. «Бар, сорпаңды дайындап кел, етті мен турайм» деп шешемді қазанның басына қайта жұмсады. Сорпаны құйып келіп, дастарханға енді жайғаса бергенде көршінің қара сиыры бақшамызға қарай кіріп кетіп еді, «неғып отырсың и, сиырды айдап шықсайшы» деп тағы жұмсады.

Бұл уақта үйдегілердің алды тамақты жеп болған. Ырсылдап сиырды ауладан шығарып келген шешем дастарханға жайғасып еді, алдына жақ, қойдың тұяғы, ішек-қарын салынған тамақты сырғытып жіберді. Манадан бері қазанның басында күйгелектеп, бар шаруаны құлша атқарып отырған анама бір тістем қаракесек еттің бұйырмағанына ызам келді. Алғаш рет осы күні әжеме қарсы сөз айтыппын.

Өзім әлі баламын ғой, сөйтіп алып «Әже, ұялмайсыз ба, мамама неге қалған-құтқан ішек-қарынды беріп отырсыз. Осы ауқатты пісірген мамам емес пе, бір түйір ет алып қалсаңыз болады ғой. Ертең қартайғаныңызда сізді бағатын осы мамам емес пе?» деп осып-осып сөйлеп тастадым.


«Ойбой, мына қызға тіл бітіп, қақшаңдай бастапты ғой! Е, не болды, емешегің езіліп?! Өлмейді, қараңғағыр, баяғыда өзіміз тамақтың тұзын көріп жүріп тойып қалатынбыз. Еттің бар құнары сорпаға шыққан, соны ішсе де жаман емес» деп әжем сасқанынан әрдеңені бір айтып, құтылып кетті. Содан кейін екеуміздің арамыз жақсы болмады. Үйдегі басқа балаларды ерекше жақсы көретін де, мені бергі жағымен еркелететін.


Әжемнің шешеме көрсетпегені жоқ. Ыдыс қоятын сөреге төселген газетке кішкене су тиіп, сарғайып кетсе де ұрыс шығара салатын. Шкафтың ішін қайтадан сүрткізіп, қағазын ауыстырмайынша шешемнің құлағына тыныштық жоқ еді. «Неғып жатсың, тұр, бауға барып жерге түскен алмалардан қақ тура! Көлеңке ғой, сол жерге барып демал!» деп енді ғана белін жазуға кірген анамды бұрқылдап төсегінен тұрғызып жіберетін. Анама болысам деп мен де барып, қақ турап отыратынбыз.


«Мама, әжеме неге қарсы сөйлеп, кішкене мінез көрсетпейсіз?» деп сөйлейтінмін. «Сенің әжеңе сдача беретін адам әлі келген жоқ. Қоя бер, қартайған адам ғой» деп күліп қоя салатын. Сөйткен әжем қазір тоқсанның үшеуіне келді. Қартайған, қуаты кеміген, бірақ тілі сол баяғыша, шаяндай шағып сөйлейді. Онымен жасты, кіші абысындарының бәрі баяғыда бақилық боп кеткен. Мамамның өзі жасына жетпей алжып қалды.

«Жарымес, жарым, осының миы істемейді» деп әжем мамама ұрыса беруші еді. Расында да кейін мамамның миында ісік пайда боп, оған сарысу үймелеп, ақыл-есінен айырыла бастады. Әжем «Ойбай, мына қатын маған дұрыс тамақ істеп бермейді, есінен айырылды. Қызымның қолына кетем» деп қалаға көшіп кеткен. Қызы оның мінезіне шыдамай, келінінің қолына қалдырып, жұмысқа шығып кетіпті. Жиен келінге күні түскесін жүні жығылып, баяғыдай өктем-өктем сөйлеуді тоқтатыпты. «Бір кесе тамақ берсе, қуана ішіп алам, бермесе ол да жоқ. Өлмегесін көрген күнің осы да» деп балаларына жиен келінді жамандап отырады екен. Әкемнің інілері де шешелерінің мінезінен зәрезап болса керек, біреуі «менің қолыма келіңіз» деп шақыра қоймады.


Өткенде, оразада төркінге ауызашарға бардым. Қаладағы қызы әжемді әкелген екен. Екеуміз оңаша қалғанда «әй, қазықбас, кішкентайыңнан қақатұяқ едің, барған жеріңе сыйып жүрсің бе, әйтеуір? Ол жақтағыларға қақшаңдай берме, келінсің, не айтса да көне бер, енеңе қарсы сөйлеме» деп ақылын айтты. Үндемедім. Бір уақта «бізді қашанғы жүрер дейсің, қанша күніміздің қалғаны Құдайға ғана аян, артық кеткен, ауыр сөйлеген кезім болса кешір, күнім» деп құшағына басты. Ішімдегі ренішті айтып салғым келіп еді, бірақ өзімді, көмейге келген өксігімді әрең бастым.


Таулардың да шөгетін кезі келеді, адамдардың да қартаятын, әрі таятын уақыты келеді. Қартайғаныңда қадірлі, жұртқа сыйлы боп отырғың келсе, жас күніңде ешкімге зәбір көрсетпе! Кісінің көңіліне кірбің салма! Ене болудың жөні осы екен деп келінін жүндей түтетін кісілер осы жазбадан ой түйсе екен...»