"Бағаламаған адамға бағынбаңдар!" - алматылық әйел қыз-келіншектерге ақылын айтты

0
518

"Сыртымнан ұнатып, келісімсіз алып қашты да, соңында көрсетпеген қорлығы қалмады"


Көрнекілік үшін фото: beauty-journal.net

"Отбасы бақытты болмаса, бірге тұрып қажет емес. Өйткені, күнде ұрыс-керіс, айқай-шуды көріп өскен бала қалай бақытты болмақ?! Осы тақырыпта ERNUR.KZ оқырмандармен ой бөліскім келеді", - деді Гүлнар атты алмытылық әйел.

"Біздің қоғамда әйел бағаланбайды, ол рас. Үйдің тірлігі де, көше тірлігі де, бала тәрбиесі де әйелдің мойнында. Әйелдің қабақ шытуына болмайды, сөз қайтаруға, өзін ақтауға, кемсіткен адамға қарсы сөйлеуге болмайды екен. Өз басымнан өтіп жатыр, сондықтан осылай деп тұжырым жасадым.

Жолдасыма сүймей қосылғанмын. Сыртымнан ұнатып, келісімсіз алып қашты да, соңында көрсетпеген қорлығы қалмады. Көңілімді аулап, сүйікті болуға тырысудың орнына, «мені ұнатпайсың» деп төмпештеп ұрып, өзінің күшін, басымдылығын көрсетететін. "Ажырасып кетсе қалай болады?" деп ата-енем қорықпайтын. «Қайтып келген қыз жаман", бізді жерге қаратпа!» деп ата-анам да қорғамады. Екі ортада өз ойы жоқ, өзінің жан қалауын орындай алмайтын әйел мен одан туған, оның тәрбиесін көріп өскен жалтақ балалар өсіп шықты. Бұл да бір қоғамның бұлжымас заңы секілді.


Бірақ, қазір барлығы өзгерді. Адамдардың көзі ашық, көкірегі ояу. Жасырақ келіншектердің көбі ажырасып кетіп, өмірін өзгертуге қорықпайды. Жалғыз өзім балаларымды қалай асыраймын деп қиналмайды. Қиналмайды дегенім артықтау шығар. Әрине, жаны күйзеледі, көңілі құлазиды. Бірақ өз өмірі үшін, балаларының болашағы үшін шешім шығаруда мың ойланып, сан толғанып, ақырында дұрыс жолды таба алатын келіншектер көп.


Бәлкім, сондықтан болар, ажырасу статистикасының жылдан жылға өсіп бара жатқаны. Әрине, бұл жақсы емес, алаңдатататын жәйт. Ендеше неге ер-азаматтарымыз «Қайда кетіп бара жатырмыз? Балаларым қандай күйде болады?» деп ойланып, өз-өзімен күресуге, өзгеруге шешім шығармайды екен?

Әлбетте біз мәселенің бәрін әйелдің мойнына асып қоюға үйренгенбіз. «Жақсы әйел жаман еркекті адам қылады», «Еркектің есіктегі басын төрге сүйрейтін де, төрдегі басын көрге сүйрейтін де - әйел» деп, бар жауапкершілікті әйелге артады. Ал ер-азамат неге өз жауапкершілігін сезіне алмайды?


Барлығы бірдей демеймін, бірақ, шынында да ер-азаматтарды оқытып-шоқытып, көзін ашу керек. Өйткені, көбінесе барған жерінде қор болмасын, кіріптар болмасын деп қыз баланы оқытады да, ер балаларды қара жұмыс істесе де отбасын асырай алады деп аса мән бермей жатады. Міне, осы жерден баланс бұзылады. Бір-бірімен көзқарастары сай келмеген, дүниетанымдары екі бөлек екі адам қалай тіл табыса алады?


Күйеуім ауылдан шықпаған, оқымаған. Оны кемсітейін деген ойым жоқ, бірақ шындығы солай. Екеуміздің түсінігіміз екі түрлі. Мен оған ренжудің орнына, ол кішкентай ғана затқа ренжіп, мың сөз айтты. Кешірім сұрасам, кешірмейді. Енді туыстары қосылып, өткен-кеткенді қазбалап, ақырында ажырастырып тынды. Менің көңіліме қарап тұрған адам жоқ. Ойлап қоямын, бөтеннің аты бөтен екен ғой деп. Сырт көзге жылтырап, жақсы адам сияқты жүреді, ал шын мінездерін үйде мен көремін.

Әйелдер, жандарым, не жағдай болса да өздеріңді жақсы көріп, күтіңдер. Ер-азаматым деп сеніп отырған адамымыз кез келген сәтте өзгере салады. Тек қана өздеріңізге сеніңіздер. Қазақта «Еркекке сенбе, екі босағаңа сен» деген сөз бар ғой, мен де сіздерге соны айтқым келеді.

Махаббатыңды арнауға лайықты адамды ғана бағалаңыздар. Әйтпесе отбасылық одақ мықты болмайды екен. Тұрмысқа шығатын қыздарға айтарым – асықпай ойланыңдар. Мен секілді баса-көктеп алып қашып кетсе де ештеңеден, «Ел-жұрт не дейді?» деген сөзден қорықпаңыздар. Өйткені, ел үшін емес, өзің үшін өмір сүресің."