Бес баламен тастап кеткен күйеуі 20 жылдан соң қайтып келген

0
4 552

​Бірде шыдап, бірде жылап жүріп өткізген әйелдің жиырма жыл өмірі еркектерді ойландыра ма екен?..


Бес баламен тастап кеткен күйеуі 20 жылдан соң қайтып келген

"Әйелдер үшін жан беруден, құшағындағы жарды беру қиын" дейді. Ал бала-шағасы бола тұра орта жолда тастап кеткен күйеуді кешіру ше, оңай ма?

Бес баласымен тастап кеткен күйеуін қайта қабылдаған қызылордалық әйелдің бұл сұраққа жауабы қандай?


Ол қысқа жауабын түсіндіру үшін жан қиналысымен өткен ұзақ жылдарын еске алды. Жардан сатқындық көрген Сәндігүл ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген оқиғасында былай дейді:

«Небәрі он сегіз жасымда тұрмыс құрып, он тоғыз жасымда ана атандым. Отбасындағы түсінбестік, ене мен келін арасындағы егес, күйеуіммен келісімге келе алмау, бала туылғаннан соң оның маған деген назарының кеміп кеткені жайлы айта берсем, мұндай қиындықтар жетіп артылады. Бұл қиындықтарға сүйгені қасында әйел шыдайды. Ал мен он бес жыл отандасқан күйеуімнің бес баламмен тастап кеткеніне шыдай алмадым.

Бес баласы бола тұра күйеуімнің басқа бір әйелмен байланыста болғанын күйбең тірліктен қолы босамайтын мен аңғармаған екенмін.

Алғашында сездірмеді, бірақ, байланыс ұзаққа созылған сайын ақымақ әйелдің өзі мұндай жағдайды байқамай қалуы мүмкін емес. Талай рет бұл туралы күйеуіме оңаша отырып жылап та, балаларды ойлауын талап етіп те айтып көрдім. Бірақ жалғыз өзімнің қолымнан нәтиже шығару келмей жатқан соң, ата-енемнің көмегіне жүгіндім. Тіпті әлгі әйел туралы мәліметтердің барлығын біліп, онымен кездестім. Күйеуімді мазаламауын, оған артық проблема болмауын сұрадым.


Менің орнымда басқа әйел болса, бас салып, оның шашынан сүйреп, бетінің де сау-тамтығын қалдырмас еді деп ойлаймын. Өйткені жан беруден, құшағыңдағы жарды беру әйелдер үшін өте қиын.

Мен алдымен өзімді емес, балаларымның жағдайын ойладым. Бес баламмен қайда барып паналаймын? Күйеуімнен көрген сатқындықты айтып, анама жылап барсам, ол мені қабылдаудан бас тартпайды ғой. Бірақ бір емес, бес баламмен қашанғы анама масыл болмақпын?

Ата-енем «кетсең кете бер» деп кінәні менің ғана мойныма артып қойған жоқ. Оларға рахмет, менің сөзімді сөйледі. Мен үшін, немерелері үшін жүректері ауырып, шыр-пыр болып сырттан киліккен әйелдің тырнағынан арашалап қалу үшін біраз тер төкті. Ұлына сөздері өтпеген соң, әйелді барып қорқытып-үркітті. Бірақ намысы да, ар-ұяты да жоқ біреу екен. Үлкен кісілерге ауыр сөздерді айтып «Мен емес оны байлап ұстап отырған. Кеткісі келсе де кете алмайды менен. Өйткені біз бала күтіп жүрміз, мен де баламды әкесіз өсіргім келмейді» депті беті шімірікпестен.

Ол әйелдің бұрынғы некесінен бір ұлы бар. Егер де ұлын әкесіз өсіргісі келмесе неліктен алғашқы күйеуімен айырылысты? Қойшы бәрін, ол ғана емес күйеуімде де кінә бар.

Күйеуімнің сол әйелге байланып, одан кете алмайтынын түсіндік. Мен ажырасып кетуге окталдым, бірақ, сонша жылдан бері менің отбасымның, немерелерінің тілеуін тілеп отырған қартайған ата-енемді аядым. Ол кісілердің жасы келген сәтте кенжесі әрі жалғыз ұлының көрсеткені мынау. Енді мен немерелерін алып кетсем, не болмақ? Қайғысын қалыңдатқым келмеді.

Күйеусіз де жесір әйелдер балаларын бағып, адам қатарына қосып жатыр ғой. Ары кетсе солардың бірі болып жер басып жүрермін деп ойладым. Әрине қиын, қиын да болса мен күйеуім секілді сатқындық жасай алмадым. Ата-енеме бұрынғысынша келіндік қызметімді жасап жүре бердім. Алайда мен түнде жастыққа басымды қойған сәтте жылап, күйеуімді ойлап, оның сатқындығын кешіре алмастай түнілетінмін алғашқы кездері. Кейін оған да етім үйренді.


Менің жылағаным оған шыбын шаққандай әсер етпесе мен кім үшін көз жасымды төгуім керек? Ойлана келе өзімді қолға алдым. Балаларым үшін еңсемді тіктедім.

Бұрын күйеуім асырайтын еді, енді өзімнің жұмысқа шығуыма тура келді. Ата-енемнің зейнетақысымен күн көруге болады, бірақ, олардың да өз қажеттері бар. Ауырып-сырқай қалса дәрі-дәрмегі, баратын жерлері де бар. Сондықтан оларға қарап көз сүзіп отырғаннан осы үйдің әйелі де, еркегі де өзім болған соң, балаларым үшін тырбандап еңбектендім.

Бүгінде мен бақытты анамын, ата-енемнің маған айтқан шынайы алғыстарының, жүрекжарды ризашылықтарының арқасында көгеріп-көктеп отырған жайым бар. Тәубе етемін. Балаларымның алды үйленіп, немере сүйдім. Атам шөбересін көре аламй кетті. Ал енем алғашқы шөбересінің қолынан май жалап, тоқсанға таяғанда өмірден өтті.

Анасының қабіріне бір уыс топырақ салу үшін келген күйеуімді көргенде менде оған деген аяныш сезімі оянды. Жиырма жыл бұрын жылатып кеткенде мен қандай мүсәпір күйде болсам, енді ол дәл сондай күйде еді. Шашына ақ түсіп, қартайып қалыпты. Сол күні ол кешірім сұрады.

Айтуынша, мені айырбастап кеткен әйелі мұны керексіз етіп тастап кетіпті. Біреуге жасаған жамандығыңның жазасын тартпай бұл өмірден өтпейсің деген рас қой. Сондай-ақ әлдебіреудің жанын жараласаң, әйтеуір бір соның күйін бастан өткермей қоймайды адам. Құдайдың шеберлігіне таңқалдым. Мен бұрын оның аяғына жығылсам, енді ол менің алдымда тізе бүкті.


Күйеуім мені итеріп тастап үйден шығып бара жатқанда етбетімнен түсіп өкіріп жылаған едім. Арада ұзақ жыл өткеннен соң ол да дәл солай еңкілдеп жылайды деп еш ойламаған екенмін. Олай тілемегенмін де...

Менің күйеуімді тартып алған әйел сол бір баласын туғаннан соң, қайтадан бала сүймепті. Мұны өз үйінен қуып шығып, жастау басқа бір еркекті кіргізіп алған деседі білетін жұрт. Ал күйеуім алғашқы жар мен балаларынан кешірім сұрап келуге бата алмай, пәтер жалдап жалғыз тұрған көрінеді. Жалғыздықтың азабын ол да татыпты. Ол сөйлеп жатқанда бір кездері маған жасаған әділетсіздігі есіме түсіп, «Оны аяудың қажет жоқ, мұндай өмірді ол өз тілеп алды» деп іштей табаладым. Сонда да еркекке қарағанда әйел бәрібір мейірімді, кешірімді болады екен. Оты қайтқан көздерімен көзім түйіскенде, жаным ашып кетті. Қартайған шағында қиналғанын қаламадым. Енемнің жаназасында жиналған ағайын-туысқандардың үлкендерінің «Қателеспейтін адам жоқ қой. Адасқанның айыбы жоқ, қайтып үйірін соң. Алланың алдында некелескен жарың ғой. Бір мүмкіндік бер», «Оны енді күйеуің ретінде қабылдай алмасаң да, балаларыңның әкесі ретінде қабылда» деген сөздері де оны кешіруіме себеп болды.

Кешірдім, үйіме кіргіздім. Бірақ балаларым кешіре алмады. «Біз керек еткен кезде ол жанымызда болған жоқ. Енді оның да бізге керегі жоқ. Бұныкі аярлық қой. Өзін аянышты етіп көрсеткісі келген түрін қара» деп ашуланды. Тіпті бір ұлым «Не үшін келдің?» деп әкесіне төне түсті. Осы сәтте сырттан кірген немерем жүгіріп кеп «Ата» деп, оның алдына жайғаса кетті. Осыдан соң ұлдарым үндемей сыртқа шығып кетті.

Арттарынан мен де шықтым. «Әкелеріңнің шынымен қиналғанын қаласаңдар қумаңдар. Өз бізідң қасымызда жүрсе ғана ар азабын тартады. Өзінің арының алдында қиналсын» дегенімнен соң ғана ұл-қыздарым келісті.

Күйеуімнің адасып, шатасып қайта оралғанына биыл төртінші жыл. Бірге тұрып жатырмыз. Бірақ «Қалған көңіл – сынған айна» деген рас екен. Үйдің есігін бірнеше рет қатты жауып кетіп қалсаң да, ол қайтадан ашылуы мүмкін. Бірақ жүректің есігі бір рет жабылса, одан кейін ашылмайды екен. Күйеуім маған да, ұл-қыздарына да бөтен адам сияқты...»


Сәндігүлдің опасыздық жасаған күйеуін қайта қабылдағанымен көп әйел келісе алмайтын шығар, бірақ, оның «Жүректің есігі бір рет жабылса, ол адамға қайтадан ашылмайды» дегенін барлығы мақұлдаса керек.

(Иллюстрациялық суреттер ашық дереккөздерден алынды)


Ұқсас оқиғалар:


«Тумайсың!»: Түркістандық келіншек енесінің қатаң талап қойғанын айтты


«Еркекті жылаттым»: Шымкенттік әйел өткен ісіне өкінетінін айттыы