​«Бір ұлым күйеуімнен емес»: Алты балалы әйел шынын айтты

0
7 967

Сол үшін балаларының арасында түсініспеушілік болғанын қаламайтын ол басқалар да өзін түсінсе дейді


​«Бір ұлым күйеуімнен емес»: Алты балалы әйел шынын айтты

иллюстрациялық сурет: ашық дереккөзден

Тағдырдың арнасы пендені қай жағаға соғып, қай қайраңға апарып тастайтынын ешкім болжай алмаса керек. Ешкім де алда өзін не күтіп тұрғанын білмейді. «Құлайтынымды білсем жерге сабан төсеп қояр едім» деген өмірдің қарапайым пәлсапасы да соны меңзесе керек-ті.


Қазақстандық көпбалалы ана да өзін мұндай қиын тағдырдың иесі боларын білмеген.

- Үш перзентімнен соң туылған ұлым күйеуімнен емес. Ойы да, бойы да, бітімі де ерекше оны күйеуім екеуміз қанша жасырсақ та ел өздері болжап-пішіп, сөз шығарып алды. Оны басқа балаларымыз да естиді ғой. Жанымды екінші қызым қойған сұрақ жеп барады. Әзірге жауап бермедім, бірақ кейін сөйлесеміз ол туралы деп жылы жауып қойдым. Ал өзінің басқа әкеден екенін білсе, үлкен ұлым не дер екен? – деп уайымдады өз өмірінің қалтарысы туралы ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берген әйел.


Оқиғаның барлығы үшінші қызын туғанда үйде орын алған ұрыс-керістен басталыпты оның айтуынша.

- Ол уақытта күйеуім қатты ішіп жүрген. Үшінші қызымды босанғанда перзентханадан шығарып алуға келмей, ажырасамын деп айта салды. Үйдегі екі үлкен қызымды перзентханаға кетерде өз анама апарып тастаған болатынмын. Қысқаша айтсам, қыз туа бергенім үшін жазықты болдым. Оның үстіне несін айтайын, қаланың қызы болған соң ауыл шаруасына ебім болмай енемнен көп ұрыс естуші едім.

Күйеуім «үйіңе кет» деп келмей қойған соң қайтейін, төркініме бардым үшіншімді құшақтап. Әкем қатты ашуланды, кешірім сұрап келген құдасын да, күйеу баласын да мені көрсетпей қуып жіберді. Сөйтті де бар жағдайымды жасап, екі қызымды балабақшаға орналастырды. Үзіліп қалған оқуымды оқытып, кішкентайым жасына толғанда анама тастап жұмысқа орналастым. Қыз деген әкеге жақын емес пе, үлкен екеуі «папа» деп жылайтын арасында. Өзім де бірінші курстан жүріп, сүйіп қосылғам. Сағынатынмын, келсе екен деуші едім. Бірақ кездесуге әкемнен қорықтым.


Кішім үш жасқа толғанда әкем ойламаған жерден қолқа салды. Танысының сүрбойдақ жүрген ұлы маған үш қызыммен үйленетінін айтыпты.

«Қызым, тірі кезімде сенің орныққаныңды көріп кетейін, басқалар сияқты емес сені қатты уайымдаймын. Жылатпайтын жігіт, мен десең тұрмысқа шық, бағың ашылсын» деген әке сөзіне бір айдай ойландым. Бұл кезде іштей күтетінім болмаса, күйеуімнен күдер үзгем, оның үйленгенін естігенмін. Қысқасы, бойдақ жігітке тұрмысқа шығып, онымен екі жылға жуық тұрдым. Сезімім алаулап тұрмаса да еркек ретінде менің көңілімді аулап, қыздарыма әке болуға тырысты. Бірақ бала кезден қауіпті дерті бар екен, үйленгенімізге екі жылға толар шақта қайтыс болып, қарт әке-шешесін де, арқа сүйеген мені де тастап кете барды.


Бөтеннің үш қызымен мені алып қалмасы анық, кәрі ата-енем алыстағы қызының қолына көшіп кетіп мен төркініме тағы қайтып келдім. Осы жағдай маған қатты әсер етті. Біреуінен тірідей, екіншінен өлідей ажырасып, өмірімнің быт-шыты шығып жатқаны жанымды жегідей жеді. Күйзеліске түстім, неге менің тағдырым сонша ауыр деп жыладым. Бұл жағдай әкеме де қатты тисе керек, екі ай өткенде қыздарын көруге келген бірінші күйеуімді қумады. Тосырқаған қыздарымен қыдыруға, менімен сөйлесуге рұқсат берді.


Ол да ажырасып кетіпті, екінші әйелінен перзент сүймепті. Ақылы кіргенге ұқсайды, ішуін қойып тұрақты жұмысқа тұрыпты. Кетерінде «қайта қосылсақ қайтеді?» деген сұрақ қойды, бірақ естімеген болдым. Одан кейін бір күйеуге тиіп шыққан мені енді оның анасы өлсе жолатпас деген ойда едім. Бірақ көңілімдегі үмітке су құйып кеткендей болды. Одан хабар күтіп, алаңдап тұратын болдым. Әкеме оның екінші келуі ұнамаса да менің көңіліме тағы қарап, қарсы болмады. Үшінші рет ол әкесі мен анасын ертіп келіп, бізді алып кететінін, қателіктерін түсінгендерін айтып кешірім сұрады. Атам да, енем де едәуір қартайыпты. Басында әкем біраз ашуланып еді, соңыра шешімді өзіме қалдырды. «Қызым не десе сол болады, тағдыр соныкі. Бұрын жас еді, енді өмір көрді, есейді. Барамын десе ұстамаймын. Бірақ енді жылатсаңдар кешіре алмаймын» деген әкем салмақты өзіме салды. Мен кетемін деп шештім.


Ата-анам бақыт тілеп, бір аптадан соң келіп алып кететін болған күні өзімнің жүкті екенімді білдім. Оны да білмес пе едім, апта бойы жүрегім айнып, не болса содан жиіркеніп мазам қашып жүрген. Ойыма келген күдіктен бірінші жүрегім зу ете түсті, тез барып тест әкелдім. Екі сызыққа не жыларымды, не қуанарымды білмедім. Марқұм болған күйеуімнен аяғым ауыр болғанын білмеппін. Күйеуі қайтыс болған әйелді төрт айдан асқанша күтетін ата-бабамыз неткен дана болған десеңізші?!


Не істерімді білмедім, ол жақпен байланысты үзгенмін. Күйеуімнің қырқы өте салысымен маған рұқсат берген оларға не деймін?! Мені алып кеткелі отырған екінші күйеуіме ше?! Ол не дейді? Бас тартса ше? Ішімдегі үш айға жуықтап қалған сәбиді қайтемін?!


Бар ойым – ешкімге айтпай алдырып тастау болды. Бірақ қолым бармады, құрсағымдағы жазықсыз шарананы қимадым. Бар күшімді жинап оны шақырып алып айттым. Кеш білгенімді, айлық белгім біресе көрініп, біресе болмай өзімнің де шатасқанымды, бәрін жайып салдым. «Егер алдырмасаң қайта үйленбейміз десең де келісемін, бірақ қолым бармай тұр» деп те ашық айттым. Ол да «баланың кінәсі жоқ, өз баламдай көремін» деп уәде берді.

Не керек, босанғанда ертерек барып перзентханаға жатып «жеті айлық боп туылды» дегенге сендіруге тырыстық. Өмірге балпанақтай ұл келді, қыздарымның, ата-енемнің қуанышында шек жоқ. Обалы не керек, күйеуім кері теппеді, бақытты өміріміз жалғасты. Артынан тағы бір ұл, бір қыз ерді. Көпбалалы отбасы атандық, шүкір.


Бірақ сол үлкен ұлым ешкімге ұқсамайтын ерекше болып ержетті. Екінші күйеуімнің анасы көзі көк, сары әйел еді. Содан айнымайды. Ал біздің де, күйеуімнің үрім-бұтағында көзі көк, сары адам жоқ. «Мына балаларың кімге тартқан, басқаша ғой» дейтіндерге күйеуім арғы әжемізге сілтеп жібереді. Елдің арасында «басқа күйеуге тиіп келген, сол жақтан көтеріп келді ғой» деген сөз жүрді. Оны мектеп бітіргелі отырған екінші қызым естіп кепті үйге. Өзі тым намысшыл еді, «сенің ініңнің әкесі басқа» десе керек біреу.

Енді соны қалай түсіндірерімді білмей жүрмін. Жап-жақсы өмір сүріп жатырмыз, бірақ ұлымның әкесі бөтен екенін естісе не болатыны, оған не дейтініміз уайымдатып жүр, - деп аяқтады әңгімесін көпбалалы ана.


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Енеңнің көңілдесі бар дейді»: Жас келін өсекке таңылған енесі үшін ауылда тұрғысы келмейді


«Қайынатам мен анам үйленіп алды»: Шымкенттік келіншек отбасының шырқы бұзылғанын айтты