«Кейін келген қонақтарға қоятын ет таппай қалдық...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Той – Құдайдың қазынасы» дейміз-ау, дегенмен мына заманда екі адамның басын қосып, бір шәугім шай беру де қалтаға әжептеуір салмақ салатыны рас. Ондайда біріңді екі етіп, қайта қолғабыс ететін жақындар керек-ақ. Бірақ біздің туыстарымыз ондай адам емес», - дейді Аружан есімді түркістандық келіншек.
Жақында ғана ел-жұртты жинап, той өткізген Аружан абысындарына өкпелі екенін айтады. Той үстінде болған жағдайды Аружан ERNUR.KZ тілшісіне айтып берді.
«Биыл баспаналы болдық. Бес жыл пәтер жағалаған қазақ едік, өз шаңырағымызға кіргесін, арқа-басымыз кеңейіп, шырайымыз кіре бастады. Өз үйіңе ештеңе жетпейді екен, балаларымыз да кең бөлмеде асыр салып ойнағанының өзі не тұрады?..
О бастан күйеуіме «Биыл үйімізді бітіріп кірсек, онда ұлымызға сүндет той жасайықшы» деп айта беретімін. Періште қабыл еткен шығар, таяуда үйімізге қоныс той, ұлымыздың сүндет тойының Құдайы асын бірге өткіздік.
Тойдың көпшілікпен өтетіні белгілі ғой. Мұндайда ағайын-туыстың көмегі ауадай қажет. Бір адам ештеңеге үлгере алмайды. Сондықтан апта бұрын ағайындарды үйге жинап, кішігірім мәслихат өткіздік. «Бір күн бұрын келіп, мал соямыз, нан-тоқашты пісіреміз» деп қайынағаларым мен абысындарым уәделесіп кетті. Айтқандай-ақ бір күн бұрын келіп, бірі бауырсағымды, бірі қаттамамды, енді бірі самсамды пісіріп, еркектер жағы палаудың сәбізін турап, үйіміз мәре-сәре болды. Бірақ, бір нәрсе менің көңіліме қаяу түсірді.
Сол күні түнде ешқайсымыз ұйықтамадық. Таңға дейін бес бөлмеге дастархан жайып, ас-ауқатты жасадық. Сағат таңғы алтылар шамасында бәрінің мазасы кетті, әсіресе абысындарым «Бір-екі сағат мызғып алмасақ, ертең түске қарай құлап қалатын сияқтымыз» деп, жатып қалды. Үй иесінің жыбырлап жүре беретіні анық қой, «бітіре салайын» деп ас үйде күйбеңдеп жүргем. Бір кезде ортаншы абысынымның сөмкесіне көзім түсіп кетті, тыңқиып тұр. «Мынаның ішінде не бар екен» деп ашып қалсам, масқара-ай... Дастарханға тураған қазыдан жарты қалған екен, оны салып алыпты, тауық етінен жасалған рулет те туралмаған күйі сөмкеге кетіпті. Бір пакетке кәмпиттерді салып алған.
Мына жағдайдан кейін келінімнің сөмкесін көргім келді. «Балалардың киімі ғой» деп шүберектен жасалған дорба асынып келген, соны ақтардым. Ол да торттың жанына деп пісірген «медовиктен», пирогтан өз үлесін алыпты. Жанында өрік-мейіздері бар. Үндемедім. «Құдай жеткізсін, той осылармен бітіп жатыр ғой» деп қоя салдым.
Енді ертеңіне қонақтар келе бастады. Шақырған адамдарымыз түз-түгел, тіпті біз күтпеген қонақтар есік қағып, кіріп келді. Содан дереу тағы бір бөлмеге дастархан әзірлейік деп әбіржіп қалдық. «Кешегіден қалған не бар, бері шығарып, мына бөлмеге дастархан жасап жіберейік» деп абысын-келіндеріме қарасам, «Ештеңе қалмады, бәрін жеткізіп қойып тасағанбыз» деп быттыйып қарап тұр. Әлгі жерде қаным басыма шапты ғой. Той біткен соң қанша алса да мейлі, әлі жеткізе алмай жатқан ауқатты салып алғандарына ренжідім. Ұрыс шығарғым келді, сөмкелерін ашып, ұялтсам ба екен деп ойладым. Бірақ өзімді әрең сабырға шақырдым. «Мейлі онда, нан-бауырсақтан апарып қойыңдар, қалғанын әр бөлмеден бір-екеуден аларсыңдар» дедім.
Әр қонақ өз несібесімен келеді деген рас. Келген қонақтардың бәрі риза болып тарқасты. Жегенін жеді, жемегенін салып алып кетті, шүкір. Бірақ сол арада әлгі абысыным мен келінімнің тірлігіне қатты қарным ашты. Қонақтар шығар-шықпас пакеттерін алып төргі бөлмеге жетіп келіпті, «Біз де бірдеңе алайық, бала-шаға жолымызды тосып отыр» деп қолы жеткен жерге дейін салып алды.
Ең үлкен абысыныма ғана риза болдым. «Аружан, қаттаманың қамыры қалып кетіп еді, тоңазытқышыңа салып қойдым. Салатқа қосқан сыр, тауық етін де сонда тыға салдым. Мына сорпадан бес литр құйып, оны да сонда салдым...» деп артылған заттардың бәрін маған тықпыштап жатыр. Ондай адамнан қалай айналмайсың? Мың жасағыр абысыным кешке дейін табанынан тік тұрып, ыдыс-аяғымды жуысып, орын-орнына қойысып кетті. Кетерінде сөмкесіне мата-шүте, тәтті-пәттірлерді аямай салып, рахметімді айтып шығарып салдым. Адал адам осы абысынмдай-ақ болсын.
Бұрын олардың мұндай тірліктерін білмейді екем, балам жас болды да, той-жиыннан ерте кетіп қалатынмын. Өзім той істегенде кімнің кім екенін танып алдым. Жалпы, тойдан сарқыт алудың реті осы екен деп рұқсатсыз пакетке тықпыштау дұрыс па? Қалай ойлайсыз, құрметті оқырман?!"