​«Досына «сыйлап» жіберіпті»: шымкенттік әйел екінші күйеуінің ерсі қылығын айтып берді

0
1 002

«Төрт жыл тамақ тасып, баласымен қоса асырадым»


​«Досына «сыйлап» жіберіпті»: шымкенттік әйел екінші күйеуінің ерсі қылығын айтып берді

«Жалғыздықтың азабын жалғызбасты әйелдер ғана түсінеді. Тағдырымда екі күйеуге тию жазылған екен, бұйырғанын көріп келемін. Бірақ сол, екінші рет тұрмысқа шыққаныма қатты өкінемін», - дейді Жанар есімді әйел.


Бір қызымен ажырасып, араға он бес жыл салып екінші рет тұрмысқа шыққан оқырманымыз ERNUR.KZ тілшісіне ешкімге айта алмаған құпиясын жайып салды.


«Әке-шешеден ерте айырылып, аға-жеңгелерімнің қамқорлығымен жетілдім. Қыздан жалғызбын. Сондықтан сырлас, жанашыр адамым жоқ. Басымдағы жағдайды айтсам, жеңгелерім мен құрбыларым дұрыс түсінбей, өсек боп кете ме деп ойлаймын. Сондықтан өздеріңізбен бөлісіп, шер тарқатқалы отырмын.


Бірінші күйеуімнен екі қыз таптым. Бірақ біреуі кішкентай кезінде шетінеп кетті. Сол жағдайдан кейін күйеуім екеуміздің арамыз суып кетті. Қызымның шетінеп кетуіне енемді кінәладым. Ал оным күйеуіме ұнамады. Қызуы көтеріліп, түспей үш күн жатқан бөпемді енем ауруханаға апаруға көнбей қойды. «Бала деген осылай, ауырып-аунап өседі. Ештеңе етпейді, тұз суға шомылдырып, құйрықтың майымен сылап тастаймын» деп өзінің білген ем-домын жасады. Содан қызымыз оңалмай, айналдырған бес күнде көз жұмды...


Бір жылдан соң күйеуіммен ажырасып, төркініме қайтып келдім. Жетегімде төрт жасар қызым бар. Қара шаңырақтағы ағам мен жеңгем ажырасқанымды аса жақтырмаса да көңіліме қарап үйіне паналатты. Обалы не керек, жеңгем бетіме келіп, қарсы сөз айтқан емес. Не ойласа да бәрі ішінде. Бірақ мен төркінде көп отырмадым. «Сауда істеймін, қызымды бақшаға беремін» деп ағаларыма ойымды айтып, кішкене қолдап жіберулерін өтіндім. Бәрі есігінің алдындағы азын-аулақ малдарын сатып, айналымға салатын ақшамды тауып берді.


Ол кезде Шымкенттегі «Автовокзал» маңында киім-кешек сататын үлкен базар болатын. Сол базардан жалға орын алып, Алматыдан аяқ киім әкеп саттым. Обалы не керек, саудадан жолым болды. Бес жыл дегенде бір бөлмелі пәтерге қол жеткіздім. Бар өмірімді қызым мен саудаға арнап, он бес жылымды өткізіп алдым. Бірақ, еш өкінішім жоқ. Сауданың арқасында екі пәтер алдым. Қызымды оқытып, құтты орнына қондырдым. Қазір ол күйеуімен, екі қызымен Түркияда тұрып жатыр. Жұмыс бабымен кеткен.


Осыдан үш жыл бұрын базарда сауда істейтін құрбым өзінің нағашысы жайлы айтты. «Қашанғы жалғыз жүресің, қызыңның алдыңдағы міндетіңнен құтылдың. Енді өзіңді ойлап, жақсы азаматпен бас қоссайшы» деп қоймай жүрді. Сөйтіп әйелі қайтыс болып, есейіп кеткен төрт баласымен қалған кісімен таныстырды. Кезінде мұғалім болған, кейін қызметтен босап, такси жүргізушісі боп істейтін кісі екен. «Екі қызымды ұзаттым, бір ұлымды үйлендірдім, енді біреуі қалды. Бәрі өздерімен-өздері, бізге ешкім кедергі келтірмейді» деп уәдені үйіп-төкті. Сөйтіп көп ұзамай менің аға-жеңгелерімнің алдынан ағайын-туысымен келіп, үлкендердің рұқсатымен үйлендік.


Шынымды айтайын, Сәкеңнің төрт баласы «өгей шеше» деп қалмасын деп барымды салдым. Оның үстіне қызым шет елде жүргесін аналық мейірімім тасып, кімге көрсетерімді білмей жүргем. Барғаннан немерелеріне сыйлық беріп, өздерін қонаққа шақырып, ықылас-пейілімді көрсеттім. Бірақ өз туған анасындай бола алмасымды олар әрбір іс-әрекетімен түсіндіріп жүрді. «Мынау мамамның гүлі, мынау мамамның шашығы» деп әр келгенде 2-3 заттан тасып жүріп тауысты.


Үлкейіп кеткен үш баладан онша зәбір көрмедім. Ал енді ең кенжесі, үйленбеген бала мені әкесінен қызғанып, ақыры арамызды суытып бітті. Күйеуім мардымды табыс таппайды. Әйелі тірі кезде екі бөлмелі пәтерлерін сатып, қалғанын ипотекаға рәсімдеп екі қабатты үй сатып алған екен. Тапқанын соның несиесіне әрең жеткізіп жүрді. Ал мен базардан қайтарда артынып-тартынып сөмке-сөмке боп келіп, күйеуімді баласымен қоса асырадым. Сөйтіп жүргенде кіші бала «Неге үйде нан жоқ» деп ұрыс шығаратын. Әйтпесе 25-ке келген зіңгіттей жігіт қой, үндемеген сайын басына берді.


Бір күні өзім ауырып, саудаға шыға алмай жатқам. Үйге ешкімге ескертпей үш досын ертіп келіпті. Қолында екі наны жоқ. «Тұрыңыз, бізге тез пісетін бірдеңе қуырып жіберіңіз» деп бұйрық беріп тұр. «Ауырып тұрмын, оның үстіне үйде ештеңе жоқ, өзің дүкенге барып кел де, жұмыртқа қуырып бере сал» дедім жай ғана. Сөйткенше болған жоқ «туған анам тіпі болғанда бәрі басқаша болар еді» деп аузына келгенді «құсты». Ең өкініштісі, күйеуім менің сөзімді сөйлемей, «қуырып бере салсаң нең кетеді» деп сөйледі. Сол күні киім-кешегімді жинап, өз пәтеріме кетіп қалдым. Үш жылғы шыдамның шегі үзілді. Маған не азап дедім, өз ақшам өзіме жетіп, жап-жақсы өмір сүріп жатқанда бір еркекті ересек баласымен қоса асырап, оған қоса бес батпан сөзін тыңдаған керек пе?


Сөйткенде күйеуім кешірім сұрап келді. «Жас бала емеспіз, ажырасып кетсек екеумізге де сын болады, ағайын-туыстан ұят. Үйге қайт, бірге өмір сүрейік» деді. Бірақ ұлын көргім келмеді. «Бармаймын, тұрғың келсе үйіңді балаңа бер де, менің пәтеріме кел» дедім оған. Шартыма ол көнбеді. Сонымен қазір екі бөлек тұрып жатырмыз. Бірақ туыс-туғанның той-жиынында ерлі-зайыптылардай бірге барып келеміз, ол кісі анда-санда үйге келіп, тамағымды ішіп, мауқын басып кетеді.


Өткенде Сәкең бір желілік маркетингке кіріп, компанияда жұмыс істеп жатырмын деді. Сөйтіп бір отырысына мені ертіп барды. Ішіп-жеп, ортада билеп, әнімді айтып, тамаша отырдым. Бір уақта күйеуім ұшты-күйлі жоқ боп кетті. Звондасам телефоны өшірулі. Не ойларымды білмей, аң-таң боп тұрғанда жаныма бір кісі келе қалды. «Сәкеңді іздеп тұрсыз ба, ол кетіп қалды. Сізді маған тапсырып кетті, үйіңізге жеткізіп тастайын» деп қиылды. Әйелі қайтыс болған екен, «өзің сияқты әдемі әйел болса үйленер едім» деп әңгіме айтқанда тіксініп қалғам.


Арада екі күн өткенде сол кісі телефон соғып тұр, «кездесейік» деді. «Тұрмыстағы әйелмін, маған неге звондап тұрсыз, Сәкеңнен ұялмайсыз ба?» деп ұрысып бердім. Сөйтсем нөмірімді күйеуімнің өзі беріпті. «Әйелің ұнап қалды» десе, күйеуім «Ұнаса ала бер, сыйладым» депті. Күйіп кеттім. Мал екеш мал да өзінің жұбын қызғанып, қорғайды ғой. Сонда менің мал құрлы қадірім болмағаны ма? Төрт жыл ас-суымды беріп асырап, төрт баласының мінезі мен сөзіне шыдағандағы айтқан рахметі осы ма? «Олай демедім» деп ант-су ішіп отыр. Айтқаны рас болса әлгі еркек менің нөмірімі кімнен алды? Ойлай-ойлай ой түбіне жете алмадым.


Орта жасқан асқанда күйеуге тиіп, ажырасып кетіпті деген аттың өзі ұят екен. Енді аға-жеңгелеріме не айтам деп отырмын...»