«Құдалыққа барамыз деп жерге кіріп кете жаздадық»
«Қымбатшылықтың кесірінен бе, әлде адамдардың пейілі тарылып, шынайы қарым-қатынастың мәні кетті ме, қазіргі той бұрынғыдай емес. Жасандылық көп. Көзбояушылық басым», - дейді шымкенттік Шырай Майырбекқызы.
«Абысын, қыз жақ қалың малға екі миллион сұрап отыр. Одан бөлек қыздың екі әжесіне комплект әкеліп тағасың, қызды апарып салатын жеңгелеріне де алтыныңды дайында деп салық салып отыр. Оған қоса апаратын қоржыным, тоғыздарым бар, қайсыбіріне жеткіземін» деп шырылдап келіпті.
Мен не деймін, «Қызы бардың назы бар, қалауын айтады ғой. Қазіргі әйелдер біздің заманымыздағыдай емес, беттері бүлк етпей қыздарын саудаға салады. Енді барынша ұқсатып апаруға тырысасың да» деп сөзіммен демеу болдым.
«Ағайын тоғызыңды мен көтерейін, кәмпит тоғызды кіші келінге айт. Нан тоғызың мен шуылдағыңды төркініңе айт. Ал енді алтын жағын құдағиыңмен тағы да пысықтап ал. Қазір алмас-бермес деген шыққан. Сен оларға ештеңе бермейсің, құдағидың өзі алтындарын дайындап қояды, соны таға саласың. Қыздың шешесі біздің ауылға келгенде саған беретін сыйлығын өзің дайындайсың. Оған дейін жан нәсіп, бір мәнісі болар. Алдымен қыз жаққа баратын тірлікті тындырайық» дедім.
Қайтейін, жағдайлары келмей тұрғасын осылай кеңес бердім.
Келінім менің айтқанымды құдағиға бұлжытпай жеткізген екен, ол кісі көніпті. «Онда тек маған, құдаңызға тағатын алтындарыңызды, жабатын жабуларыңызды дайындап қояйын, екі апамызға керек емес» депті. Қош, сонымен келінім көптеп-көмектеп қыздың ауылына апаратын дүниені түгелдеп бітірді. Соның өзіне аз ақша кеткен жоқ.
Құдалардың ауылына тойға бардық. Қыздың әке-шешесі бақуат тұрады екен. Үйді жаңадан, қатырып тұрып салыпты. Іші қымбат, соңғы үлгідегі жиһаздарға толған. Дастархан да керемет, аста-төк. Тамаша әнмен, көтеріңкі көңіл-күймен ішіп-жеп, тілегімізді айтып отырдық. Бір кезде «қоржын ашып алайық» деген хабар келді. Ерлер жағы сыртқа шығып, әйелдер ұзын бөлмені айнала жайғасып, жаңа құдағидың әкелген заттарын көруге отырдық. Сол сәтте қыздың шешесі келінімді шақырып, қолына бір сөмкені ұстатқан. Әлгі алдын-ала өзі дайындап қойған сыйлық қой енді.
Келінімнің ойында дым жоқ, «мынау үй тоғыз, құдам мен құдағиыма арналған сыйлығым» деп сөмкені ашып, ішіндегіні шығара бастады. Сол кезде ұяттан өртеніп кете жаздадық. Құдағи өзіне әбден киілген, матасы ескіріп, қалта тұсы кірленіп қалған бір пальтоны пакетке орап салып қойыпты. Құдаға деген бас киімді көрсетуге ұят тіпті. Әбден сандықта жатып, күйе жеп қойған құлақшын. Келінімнің түрі бұзылып кетті. Әйтсе де шегінерге жол жоқ, әлгілерді құда-құдағидың үстіне жапты. Сол сәтте үлкен бөлмеде отырған отыз шақты әйелдің сыбыр-күбірі басталып кетті. «Мынау құдағиға әкелген алтыным» деп кішкентай қорапшаны ашып қалса, жас қыздар тағатын жіп-жіңішке бір комплект тұр. Бүйткенше түк бермей қайтқанымыз дұрыс еді. Құдағидың пейілі нашар, ниеті бұзық екен. Өз атына кір келетінін білмей ме, кімді кемсітіп, кімді тұқыртып отыр сонда?
Апарған сыйлықтарымызды тапсырып, үлкендерден ақ бата сұрағанымыз сол еді, алғалы отырған келініміздің әжесі «Құдағи, бері қара! Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды деген. Жасың біразға келген, өсіп-өнген әулеттен шыққан екенсің. Бірақ құдаң мен құдағиыңа әкелген сыйлығыңа жол болсын! Мынау немене бәле, бізді мазақ еткенің бе? Қала берді ақ самайымызбен екі кемпір отырмыз. Бір алтын тағатын жөнің еді» деп көпшіліктің көзінше бізді жерге тығып тастады.
Осы сөзді келініміздің шешесі естіп тұрса да үндемеді. Керісінше, «Апа, сыйға сый, сыраға бал деген. Осыған да шүкір, қоя беріңіз, алтынсыз емессіз ғой» деп бізді кекетіп тұр. Мына жағдайдан кейін шыдай алмадым. Ортаға шығып болған жағдайды айтып салдым. «Бұл осы үйдегі құдағидың алдын ала дайындап қойған сыйлығы еді, қазіргі заманда екі жақ осылай келісетін болған» деп барынша түсіндіргендей болдым. Бірақ бәрібір қалған көңілді қалыпқа келтіре алмайды екенсің. Көңіл-күйіміз түсіп, ішкеніміз ірің, жегеніміз желім болып, ас батпай қалды.
Елге келгесін келінім еңіреп жылады. «Құдағиымның мұншалықты қуыскеуде, іштар екенін білмеппін. Мұндайын білгенде бір тәуір орамал апарсам да өз үрметіммен барар едім. Сізді бекер-ақ тыңдаппын» деп қатты қапаланды. Екі ортада өзімді кінәлі сезініп, жаман болдым.
Келінді әулетімізге әкеліп, беташарын өткізіп алдық. Бірақ алдағы уақытта екі құдағидың қарым-қатынасы үшін алаңдаймын. Бірінші күннен бұлай болды, алда ұрыс-жанжал шығып кетпесе болғаны. Үлкендердің тірлігі жастарға кесірін тигізбесе екен».