​«Қарыз сұрайтын жігітке тұрмысқа шықпаңдар!» - алматылық өкпелі бойжеткен шындығын жайып салды

0
3 265

"Қыздан ақша сұрағанша қап тасыса да намысқа тырысса болады ғой..."


​«Қарыз сұрайтын жігітке тұрмысқа шықпаңдар!» - алматылық өкпелі бойжеткен шындығын жайып салды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Бүгінде Алматы қаласында кәсіп қуып жүрген Аружанның жасы 27-де. Өзінің ERNUR.KZ тілшісіне айтып берген әңгімесінде ол жігіттерден көңілі қатты қалғанын жайып салып, оның ең негізгі себептерін атады.

«Басқалар сияқты басымнан өткен ұзақсонар жағдайларды әңгімелемей-ақ қояйын. Бірақ 18 жасымнан бері (тіпті, мектеп кезінде) кездескен жігіттердің барлығының «сорты» бір. Тек мен ғана емес, басқа қыздардан да сұрасаңыз, осы әңгіме. Себеп сол, жігіттер тым ұсақталып кеткен», - дейді ашулы бойжеткен.


Алматылық арудың айтуынша, жігіттерде намыс азайып бара жатқан көрінеді.

- Ең бірінші себеп – жігіттеріміздің намысының төмен болуы. Егін егіп, мал өсіріп, жер жырту сияқты ең маңызды шаруалармен айналысуды намыс санайды. Небір азаматтарды танимын, өзімнің кәсібім сондай шаруа қожалықтарымен байланыста болған соң іскер ағалардың әрекетін көріп сүйсінесің.

Сол азаматтар «малмен айналысқысы келетін, егншілікті қолға алғысы келетін жастар өте аз, келешекте қалай болар екен?» деп уайымдайды. Шынында айналамдағы жас жігіттерден сұрап көрсем, ешбірінің ауылға барып игерілмей жатқанды игеруге құлқы жоқ. Себебін сұрасам, «ауылда жағдай жоқ», «анау жоқ, мынау жоқ» дегенді алға тартады .Ал сол жоқты өзі бар еткісі келмейді.


Менің таныс жігіттерімнің көбі таксист. Рас, ол да жаман емес. Онымен де отбасы асырап жүр біраз ер-азаматтар. Бірақ дамыған заманда жап-жас бола тұра несиеге көлік алып, онымен такси болу деген қонымсыз мен үшін.


Одан гөрі білім алып, заманға бейімделіп жаңа кәсіптің көзін ашуды ойламайды көбісі. «Көке-жәкесін» жағалап жүретіндер де көп. «Ағам жұмысқа кіргізем деген, күтіп жүрмін» деген сөзді естісем сол жігіттен бірден теріс айналамын.


Содан кейін маған ұнамайтын жігіттердің «сорты» - әлеуметтік желі мен шоу-бизнесті жағалағысы келетіндер. Былайша айтқанда, «жұлдыз» болу. Бір жаңалық ашып, елге пайдалы нәрсе ұсыну емес, жөн-жосықсыз видео түсіріп сол арқылы танылуды мақсат тұтқан жігіттерден, тек қызыл тілмен ғана сайрап, жаттанды сөзбен той-томалақ жүргізетін жігіттерден де аулақ жүремін. Онсыз да қолына смартфон ұстай алатын баладан бастап бәрі соны армандайды.


Сондай-ақ, Аружан осынау жігіттердің қатарында өзінен үнемі қарзыға ақша сұрайтындардың қатары көп екенін де жасырмады.

- Менің көлігім, кәсібім бар. Туған қаламда жеке пәтерім де бар. Соның барлығын алу үшін мен талмай жұмыс істедім, ешкімге салмақ түсірмей өзім жеттім. Оған пені жетелеген – алдымдағы екі әпкемнің жағдайы болды. Екеуі де тұрмысқа шыққалы отбасын өздері асырап келеді. Бірінің күйеуі таксист, табысы бірде бар, бірде жоқ. Екіншісінің күйеуі ішеді...

Солардың жағдайына қарап мен жігітке жоғары талап қойып үйренсем керек. «Маған олар сияқты еркек қажет емес, одан да мүлде күйеуге тимеймін!» деп серт бергенмін өзіме.


Иә, ақшалымын. Соны көрген жігіттер біршама уақыт өткен соң қарыз сұрай бастайды. Кейбірі шын қиналып сұрайтын шығар, бірақ көбісінің өтірік құрастырып, өлмеген туысын өлді етіп жіберетіндері маған білініп тұрады. Бір-екеуінің уәдесіне сеніп бердім де. Сол күйі қараларын батырды.

Қыздан ақша сұрағанша қап тасыса да намысқа тырысса болады ғой... Жоқ, солай ете тұра қыздарды жамандайтынын қайтерсің?! "Қызға тек қана бай жігіттер керек" деген түсінік қалыптасқан...

Өзімнің құрбыларыма "қарыз сұрайтын жігітке тұрмысқа шықпаңдар" деп айтар едім.


Сенесіз бе, бұрынғыдай (кітапта, кинода айтылатындай) «қыздың алдында абыройым төгілмесін» дейтін жігіттер өте аз. Бар болса да үйленіп қойған (күліп). Қыздың есебінен тамақ іше салуды да ар санамайтындар бар екенін көргенде мүлде тұрмысқа шыққым келмейді. Ертең олар әйелі мен бала-шағасын асырауды өздеріне парыз көрмейтін сияқты...

Неге солай майдаланып бара жатыр, жігіттер?!, - деген Аружан сөзінің соңын сұрақпен аяқтады.

Бұл сұрақтың жауабын оқырманның еншісіне қалдырдық.

(Ескерту: кейіпкердің пікірі редакцияның көзқарасын білдірмейді)


ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ:


«Атам ет бермейді»: Түркістандық келіншек бір қора қойы бар қайынатасына өкпелі


«Терезеден кірген» келінді ырымның кесірінен енесі үйінен қуып жіберген