«Інімнен ала алмаған өшін кішкентай баласын сабап алады екен»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Жасым қырыққа келіп түсінгенім, біреуге киім, сосын жар таңдауда кеңес бермеу керек екен. Әсіресе, үйленетін жігітке немесе тұрмысқа шығатын қызға «осы жақсы адам, осымен ғана бақытты боласың» деп сенімді сөйлеуге болмайды. Сенің жақсы деген адамың күндердің күнінде сорлатып кетуі ғажап емес», - дейді Сандуғаш есімді әйел.
Сандуғаштың жалғыз інісі жар таңдауда қателік жасап, өмірінің күл-талқаны шығыпты. Оқиғаның мән-жайын ERNUR.KZ тілшісіне Сандуғаш айтып берді.
«Үш әпкесінен кейін ата-анамның Құдайдан тілеп алған ұлы, менің жалғыз інімнің басынан сор арылмай-ақ қойды. Үйленгенге дейін маңдайындағы жұлдызы жарқырап қалған, айнала-туысқа қамқор, мейірбан, достарының ішіндегі ең абыройлысы, қызметі өрге домалаған жігіттің төресі еді. Бәленің бәрі үйленген соң басталды.
«Жалғыз ұлды ерте үйлендіріп, келін алмасам болмайды» деп мамам табандап тұрып алды. Үйлене салатын інімнің дайын қызы жоқ, қипақтады да қалды. «Саспа, келін болатын қызды өзім іздеп табам. Мен таңдасам жаман болмайсың» деп мамам тірлікке белсене кірісіп кетті. Сонымен, не керек, араласып жүрген достары арқылы бір жердің қызын көрсетті. Інімнің мінезі ауыр, онша-мұншаға қарсы келе бермейтін адам, мамама ләм-мим демеді. «Болды, сіз көрсеткен қызды алам» деп шеше салды.
Үйдің үлкені болғасын мұндайда үндемей қалмадым. «Сырым, ойлан, әлі жассың ғой, өзің шын сүйген жанды кездестіретін шығарсың, ұнатпасаң ұнатпаймын деп ашып айта бер» деп әңгімеге тарттым. Мұным мамама ұнамады. «Ойпырмай, махаббат деп қақылдауын қарашы, махаббат деген жүре келе пайда болады. Өзіміз баяғыда...» деп бірталай әңгіме айтып тастады.
Екі жақтың ата-анасы танысты да, жастар үш-төрт мәрте кездескеннен кейін апұл-ғұпыл үйлене салды. Ата-анамыздың қуанышында шек жоқ. «Келін алдым, енді рахатын көрем» деп мамам ерекше мәз. Інім де басында тәп-тәуір боп жүрді.
Бірақ бәрі анам ойлағандай керемет болмады. Келініміз кердеңдеп, анама, әкеме сөз қайтаратын болды. Күйеуі жұмыстан келсе алдынан шығып қарсы алмайды, киімін жумайды. Азанда тұрып шай беру жоқ. Сондай-сондай майда-шүйдеден ұрыс шығады ғой, ондайда келін бар киімін жинап, төркініне қарай қашады. Анамызға қиын болды, өзі тапқасын екеуінің ортасында шырылдап, кетіп қалған келіннің артынан кешірім сұрап, үйге әкеліп қоятын. «Ішіндегі баласынан обал ғой, әлі балалығы басылмаған. Туса өзі-ақ пысық боп кетеді» деп сөзін сөйлеп отыратын.
Бір күні келін «мен сенің әке-шешеңмен тұра алмаймын, бөлек кетеміз» деп шарт қойыпты. Інімнен басқа ешкім жоқ, «мен кетпеймін, осы үйде қалам» деп шарт кеткен. Бірақ соңында келінім жеңіп, анам «жаспыз ғой, бөлек тұрып көрсін» деп екеуінің еншісін берді. Біз де «келініміз бөлек шықса тірлігіне пысық боп, жарасып кетер» деп ойлағанбыз. Бірақ, қайдан, бөлек кеткесін одан бетер дандайсып, інімнің бетінен алып төсіне шабатын дәрежеге жетті.
Кейде маған сол келіннің ақыл-есі дұрыс емес сияқты боп көрінетін. Үйленгелі бері інім шөкімдей боп шөгіп, құр сүлдері қалды. Жұмыста да жолы болмай, қызметі төмендеп қалды. Ата-анамыздан хабар алуы да сиреді. «Жүріңдер, мерекемен құттықтап қайтайық» деп хабарлассам бітті, «Заринаның мазасы жоқ, өздерің кете беріңдерші» деп құтылатын. Сөйтсек келініміз жібермейді екен ғой.
Інімнің де шыдамы шегіне жетті-ау, «мен мына әйелмен тұра алмайм, ажырасам» деп шықты бір күні. Басқасын қайдам, өзім қатты қуандым. Себебі оның тәрбиеге көнбейтіні, түзелмейтіні белгілі еді. Екеуі ажырасты, бірақ бір жарым жасар бала шешесімен бірге кетті. Інім қазір қара шаңыраққа көшіп барды. Бірақ бұрынғыдай емес, тұйықталып кеткен.
Бір күні құдалардың алыс туысын кездестіріп қалдым. «Заринаға дым ішім ашымайды, күйеу баланың ертерек құтылғаны дұрыс болды. Бәрінен де анау кішкентай балаға жаным ашиды, Зарина сендерден ала алмаған ақысын титтей баладан алып жатыр. Кішкентай-ақ қой, аямай сабайды» деп айтты. Келініміз кішкентай кезінде басынан жарақат алып, біраз жыл есін жоғалтып алған екен. Онысын әке-шешесі жасырып қалған. Мына сұмдықты естігенде інімнің баласын ойлап жүрегім ауырып кетті. Майып қылып қойса қайтеміз?
«Осының бәріне мамам кінәлі». Миымда тек осы сөз тұрды да, ашумен анама сөйлеп тастадым. Онсыз да іштей мүжіліп жүрген анам менің сөзімді көтере алмай, төсек тартып жатып қалды. «Қайдан білейін, қайдан білейін...» деп жылай береді.
«Арасын суытпай үйлен» деп ініме кеңес беріп ем, «енді маған кім тиеді, дені дұрыс қыз жоқ қой» деп інім де көнбей отыр. Жүрегі шайлығып қалған. Баласын ойлап күндіз-түні терең күрсініп жүр. Көрейін деп барса келініміз есігінен сығалатпайды екен.
Тағдырды әр адам өзі жасау керек, біреудің жеке өміріне араласып, оның таңдауына өз пікіріңді қосудың соңы жақсылыққа апармайды. Анамның да жаман ойы болмады, кім өз баласының жаман болғанын қалайды дейсің. Бірақ сәл асығыстық жасады, соңында жалғыз ұлының тағдыры талқандалды...»