​«Кредит әпер деген жігіттен қашыңдар!»: тараздық бойжеткенді жігіті "үйленем" деп алдап кеткен

0
1 647

«Өзімнен ұрлаған ақшаға мені қыдыртқан»


​«Кредит әпер деген жігіттен қашыңдар!»: тараздық бойжеткенді  жігіті
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Алаяқтар қаптаған заман болды. Реті келсе пайдаланып қалу, жымқырып кету, ақшаға түсіріп қалу деген әсіресе жастар арасында өршіп тұр. Таяуда ғана бөлемнің қызы бір жігітке «айфон» әперіп, ақырында өзі төлеуге мәжбүр бопты. Кезінде мен де солай алданып қалып едім...» - дейді Альмира есімді бойжеткен.


Тараз қаласындағы мектептердің бірінде мұғалім боп істейтін оқырманымыз үш жыл бұрынғы жағдайды ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.


«Университетті бітіріп, жарты жылдай жұмысқа кіре алмай жүріп қалдым. Әйтеуір бір танысты араға салып, тест тапсырып, мұғалім болдым. Жас маманда жалақы да анау айтқандай көп емес қой. Дегенмен сол кездегі 130 мың теңге айлық мен үшін әжептеуір көп боп көрінетін...


Жұмысқа тұрғаныма үш ай болған, кешкісін мектептен шығып, аялдаманың жанындағы банкоматтан айлығымды «шешіп» алдым. Содан автобусқа отырып, үйге бара жатқам. Телефонымды алып, «Инстаграм» қарайын деп сөмкеме қолымды салсам, әмияным жоқ. Қай уақытта жоғалғанын, кім алғанын білмеймін, асып-сасып қалдым. Ұятты жиыстырып қойғам, бар даусыммен «Менің әмияным жоғалды, өтініш, сөмкелеріңізді ашып көрсетіңіздерші. Ішінде бүкіл құжатым, бір айлығым бар еді» деп жылап жібердім. Автобустың іші у-шу, «полицияға барсайшы», «бізді ұры көріп тұрсың ба» деп ұрысып кетті. Жүргізушінің жүрегінде иман бар екен, дереу көлігін тоқтатты да, «Қарындасымыз ғой, сөмкелеріңізді ашып көрсете салыңыздар, көңілінде күдік қалмасын» деді.


Ешкім алмаған екен. «Осы жерден түсіп қал да, жақын маңдағы полиция пунктіне бар» деп ақыл айтты бәрі. Не керек, сол аялдамадан түсіп қалдым. Қайда барып, кімнен көмек сұрарымды білмей тұрғанда жаныма бір жігіт келді. Ұзын бойлы, әп-әдемі киінген екен, «Қарындас, не болды, мазаңыз жоқ қой» деді. Мен оған барлығын айтып бердім.

«Уайымдамаңыз, ұрылар алса, ішіндегі ақшасын алып, құжаттарын лақтырып кетеді. Менің участковый танысым бар, бір амалын қарастырамыз. Ал қазір сізді шығарып салайын» деп таксимен үйге дейін жеткізіп тастады. Осында кәсіп бастап, саудамен айналысып жүргенін айтты.


Арада екі күн өткенде әлгі жігіт мені үйге іздеп келді. «Мынау сіздің құжаттарыңыз екен, досым көшеден тауып алыпты» деп тұр. Қуанып кеттім. Ойымда дым жоқ, «сізге қалай рахмет айтсам екен» дедім. Ол мені кафеге шақырды. Осылайша таныстығымыз үлкен махаббатқа ұласты. Тіпті үйлеуге ұсыныс білдіріп, қолыма сақина салды.


Ата-аналарымыз екі аптадан кейін «тәтті шай» ішетін боп, бәрін кесіп-пішіп, тамақтанып отырғанбыз. Бір кезде телефоны шырылдады. «Қап, енді қайттім...» деп сол жерде түрі бұзылып, абдырап қалды. Не болғанын сұрап ем, «тауарға тапсырыс беріп қойып едік, несие алып ақшасын төлейік десек, несие бермей қойыпты. Қытайдағы адамымыз тауарды салмай отыр» деді. Оның сөзіне имандай сендім. «Менің атымнан алсаң бола ма?» деп қалай көмектесерімді білмей қалдым. Ол басында «керек емес, сенен бір тиын алмаймын» деп қашқақтағандай болған. Кейін амалсыз «әпере алсаң, әперші, бір аптада толық жауып тастаймын» деп өтінді. Ақымақ басым сол жерде телефонмен несиеге өтініш жіберіп, 1 миллион теңге шығарып бердім. Қайтейін, үйленеміз, бір адамға айналамыз деп шын сеніп қалғам ғой.


Ертеңіне «тауар келетін болды, рахмет, енді сол келсе болды, алатын адамдарға өткізіп, қарызды жауып тастайм» деп көңілімді жайландырып қойды. Арада үш күн өткеде «мен үйге барып, ата-анамнан хабар алып келем» деді. Содан телефон арқылы екі күн сөйлесіп тұрдық. «Бәрі жақсы, мамамдар қызу дайындалып жатыр» деп мәз болған. Бір күні телефонын мүлдем сөндіріп, көзден ғайып болды. Ішеміз деген тәтті шай да, басқа да жайында қалды.


Жұмысқа бармай, бір апта үйде жатып қалдым. Әке-шешем ештеңеден хабарсыз, «Құрысын, одан да жақсысын табасың әлі» деп жұбатып қояды. Қайдан білсін, миллион теңгеге кредит алып бергенімді. Ойбайладым да қалдым. Үйде жатып екеуміздің танысқан кездерімізді еске алдым. «Бәлкім менің әмиянымды ұрлаған адам осы шығар» деген ой келді. Неге осыны ертерек ойлап, тергемегеніме қатты қапаландым. Ол оңбаған әмиянымдағы ақшама өзімді қыдыртып жүрген біреу екен-ау.


Жігітімнің несиесін үш жылда әрең бітірдім. Үйдегілерге білдірмес үшін сабақтан соң қосымша ақыға оқушыларды оқыттым. Бұл оқиға маған өмірлік сабақ болды. Несиені төлеп бітем деп жүргенде сөз салып, сезімін білдірген жігіттерден де айырылып қалдым.


«Дені дұрыс қыз жоқ» дейді ғой жігіттер. Расында дені дұрыс жігіт аз. Көбісі пайдакүнем боп кеткен. Біз сияқты сенгіш, аңқау қыздарды шыр айналдырып кетеді. Сондықтан, қыздар, «кредит алып бер» деген жігіттен қашыңдар! Шын сүйген адам ондай өтініш жасамайды».