«Адам танымастай өзгеріп келді...»
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды
«Сүйіп қосылған жарыңнан ұрыспай-таласпай, тірідей айырылудан асқан азап жоқ екен. Дүниеден өтсе жылап-сықтап, ақырында көндігесің ғой. Ал тірі бола тұра біз үшін өлген адамға айналып кеткені ауыр қасірет екен», - дейді Мархабат есімді қызылордалық әйел.
Оқырманымыз он жеті жыл тату-тәтті ғұмыр кешкен күйеуінің құпия жағдайдан көше кезіп кетіпті. Болған жағдайды Мархабаттың өзі ERNUR.KZ тілшісіне әңгімелеп берді.
«Балалық шағым өте керемет өтті. Үйдің үлкені боп, ата-әженің де, әке-шешенің де мейіріміне бөленіп өстім. Мақтаулы баланың мінезі де ерекше болады екен, ата-әжемнің мақтауына тойып өскен соң ба, мектептегі маңдайалды оқушылардың бірі болдым. Есейе келе өмірлік махаббатымды кездестірдім. Ол өзіміздің ауылдың жігіті еді. Біз сылаңдап бойжетіп келе жатқан тұста әскерге кеткен екен. Келгесін көзі мағантүсіп, ақыры қосылдық. Жанғалидің жүрегінің тазалығы ұнайтын. Көп сөйлемейді, қолынан келмейтін тірлікке уәде бермейді. Жігіттің нағыз сұлтаны осы деп оған имандай сендім.
Ауылда, ата-енеміздің қолында тұрдық. Екі ұл, бір қызды үниеге әкеліп, үлкендердің ақ батасын алған келінмін. «Үлкен келінімді Құдайдың өзі бере салған» деп енем марқұм екі адамның басы қосылған жерде мені мақтап отыратын. Жанғалидан кейінгі ұл-қыздарды да өзіміз үйлендіріп, қыздарды ұзаттық. Бір сөзбен айтқанда, ел-жұртқа сыйлы, ағайын-туыстың арасында үлгі боларлықтай жанұяға айналып келе жатқандай едік. Шын бақытты едік... Енді оның бәрін өткен шақпен еске алып отырғаннан басқа амал қалмады. Бәленің бәрі қалаға көшіп келгеннен кейін басталды.
Ата-енеміздің көзі кеткесін қалаға қоныс аудардық. Қара шаңырақ кенже баланың еншісіне тиді. Ауылдағы кішігірім үйімізді, қорадағы азын-аулақ малымызды сатып, қала шетінен ескілеу «времянка» алдық. Қуықтай үш бөлмені көргенде қалаға көшкеніме өкініп қалғам. Бірақ шегінерге жол жоқ, амалсыз көндік.
Бірақ ешқандай жоспарсыз, тамыр-таныссыз көшіп келе салғанымыз дұрыс болмады. Аттап басқаның ақша тұратын қалада қаражаттан қысылдық. Күйеуім таң атпай көше кезіп, жұмыс іздеп кетеді. Мардымсыз айлыққа істегісі келмей, үйде үш ай жатты. Ақырында сыныптас достарына еріп, Астанаға құрылысқа баратын болды.
«Ақша салып тұрамын, арасында келіп кетемін, уайымдамаңдар» деп бетімізден сүйіп, құшақтап, қимай кеткен күйеуім алты айдан кейін бөтен адам боп келді ғой.
Қолында арзымайтын ақшасы бар. «Әкем келді» деп алдынан жүгіріп шыққан балаларымен көшедегі танысындай суық амандасты. Алдынан елпілдеп шыққан мені де бауырына баспады. Бәрін ішім сезсе де, балалардың көңілі үшін білдірмеуге тырыстым. Бірақ келгеніне екі күн өтпестен Жанғали кері қайтуға жиналды. «Жақсы жұмыс шығып тұр екен. Жігіттер хабарласты. Тез бармасам орныма адам алып қояды» дегесін үн-түнсіз киімдерін дайындап, тамағын салып беріп, шығарып салдық.
Жанғали сол кеткеннен мол кетті. Тағы да сарыла күту, ақша салар ма екен деп телмірумен сегіз айды артқа тастадық. Бағыма орай төркінім бар екен, әке-шешем айына бір айран-сүтін, ет-майын әкеліп, зейнетақыларынан беріп отырды. Әйтпегенде күніміздің не боларын кім білсін...
Күзде кетіп, көктемде үйге келген күйеуім бұл жолы үйге кірмеді. «Мынау менің тапқаным» деп қолыма 200 мың теңге санап берді. «Ақшаңды қоя тұршы, өзің амансың ба, кір үйге, балаларың сағынып отыр» деп еркелей бастап ем, «Мен ажырасуға арыз беріп қойдым. Енді сенімен тұра алмаймын» деді де, ауладан шығып кетті. Бұрынғы менің Жанғалиім емес, мүлдем бөтен, жат адам секілді.
Әлдебіреулер секілді ең болмаса ұрысып-керісіп, белгілі бір себептермен ажырассақ бір сәрі ғой. Бірге тұрған он жеті жылда күйбең тірліктің кикілжіңі болмаса, әріге барып бет жыртысып көрмеппіз. Балалар есейіп, алды үйленетін жасқа жеткенде мына тірлігі намысыма тиді. Ең жақын адамымнан сатқындық көргесін бүк түсіп жатып қалдым. Өмірдің мәні қалмағандай, көзіме ештеңе көрінбейді, түн бе, күн бе, бәрібір боп қалды.
Шешем байғұс шырылдап, жаман күнімде жаныма жалау болды. «Жүр, тәуіп-балгерлерге барайық, не айтар екен» деп мені сүйрелеп апарды. «Үйіңнің табалдырығын аттамасын деп тілейлі бөтен әйел... Күйеуіңнің босағадан аттамай, кері қайтқаны соның белгісі. Ол сендерді жақсы көреді... Одан да ақырын күтіп, Құдайдан тілей бер» деп кесіп айтты. Бірақ онша сенгім келмеді...
Ащы өкініш өзегімді өртейді. Бір Құдайға салдым да, үш балама пана боп қала бердім. Тұрып жатқан үйімізді әке-шешем сатып, басқа жерден үй әперді. Қазір дүкенде сатушы боп істеймін. Балаларым да өсіп, қолғанат боп жүр. Тек күйеуімнің көше кезіп, қайдағы біреудің соңынан кеткені өзегімді өртейді.
Жақында бөлемнің күйеу баласы да ақша тауып келем деп шет елге үш жылға кетіпті. Мерзімі біткенде үйіне келген де, бір апта өтер-өтпес тағы кетіпті. Артынша келіншегіне «Мені күтпе, мен енді Қазақстанға келмеймін» деп хабарлама жіберген. Жалпы, қара су ішсең де күйеуді ұзақ уақытқа жалғыз қалдыруға болмайды екен. Мұны мен өзімнен кейінгі сіңлілеріме құлаққағыс ретінде айтып отырмын...»