​«Сүйектеріңді сындырып, табытқа салып жіберемін»: шымкенттік әйел белсіз күйеуінен қандай қорлық көріп жүргенін айтты

0
2 854

«Кезінде ажырасып кетпегеніме өкінемін»


​«Сүйектеріңді сындырып, табытқа салып жіберемін»: шымкенттік әйел белсіз күйеуінен қандай қорлық көріп жүргенін айтты
иллюстрациялық сурет ашық дереккөзден алынды


«Қазақта «сырты бүтін, іші түтін» деген сөз бар емес пе? Жылтыраған сырт бейнесіне қарап көптеген адамдардың ішінде не бықсып жатқанын білмейсің ғой. Жұрттар мені де қамсыз, мұңсыз, табыскер әйел деп түсінеді. Бірақ ішімде «ит өліп жатқанын» ешкім білмейді. Сырымды сіздерге ғана ақтарып, жеңілдегім келеді», - деді ERNUR.KZ редакциясына хабарласқан әйел.


Шымкенттік оқырыманымыз немерелі болса да күйеуінен таяқ жеп, қорлық көріп жүргенін айтады.


«Жолдасым екеуміз бір ауылдың тумасымыз. Мектеп бітіре салып үйлендік. Алып ұшқан сезімнің жетегіне еремін деп оңбай қателескен екенмін. Қазір екі перзентімді алып, басқа қалаға көшіп кетпегенме өкінемін.


Үлкен қызым беске, ұлым үшке толғанда күйеуім түрмеге тоғытылды. Ауылда атышулы рэкет бар еді, соның жанына еріп, ұрлық жасаған. Ұрлық үстінде үй иесі мерт болып, бұлар ұйымдасқан қылмыстық топ ретінде біраз жылды арқалап кете барды. Біз ол кезде қалада, екі бөлмелі пәтерде тұратынбыз. Дәл сол шақтарда теңге ауысып, аумалы-төкпелі заман орнап жатқан еді ғой. Мектепте мұғалім болып істейтінмін. Айлап-жылдап айлық бермеген соң, шығуыма тура келді. Екі баланы бір өзіме асырау оңай тиген жоқ. Далбасалап әр тірліктің басын шалып көрдім. Ауылда өзіммен құрдас келіншек те қаладан дәрі-дәрмек тасып, сататын. Шағын дүңгіршегі бар еді. Бір күні сол хабарласып, «Нұржамал, торттың түр-түрін пісіре аласың ғой, үйде бос отырғанша сонымен айналыссайшы. Пісіріп, ауылға, менің аптекама әкеліп қой, сенбі күні базарға шығарасың. Мен-ақ сатып берейін, балаларыңа шай-пұл болсын деді. Соның айтуымен 3-4 торт пісіріп, ауылға өткізіп келемін.


Біртіндеп адамдар менің тортымды іздей бастады. Той-жиындарға тапсырыс түсетін болды. Жағдайымыз да кішкене оңалып, табыс түсе бастаған соң, құрбымның дәріханасының жанынан жер алып, кішігірім дүкен салдырдым. Арада 4-5 жыл өткенде мемлекет тарапынан шағын жне орта бизнесті қолдайтын бағдарламалар ашылды да, мен қаражат алып, кондитерлік дүкенімді үлкен цехқа айналдырдым. Табысымыз артып, ауылдың маңдайалды кәсіпкері болып шыға келдім. Бірақ мұның бәрі тынымсыз еңбектің, маңдай тердің арқасында келген еді.


Өкінішке қарай, күйеуім мұны теріс түсініпті. Түрмеден босап келген соң мінез-құлқының күрт өзгеріп кеткенін байқадым. Өзі тірлік істемейді, қаладағы пәтерде жатады. Мен ауылға шапқылап, цехқа керек-жарақты жеткізіп беріп жүремін. Кешке үйге барғанда күйеуім «қайдан келдің, жезөкше» деп қарсы алады. Қызғаншақтық ешқашан айықпайтын дерт екен. Бұрын да қызғаншақ еді, түрмеден келгелі мүлдем өзгеріп кетті. Күйеуім екеуіміз елдің көзінше, жиын-тойларда керемет үлгілі отбасы сияқты бола қаламыз. Жұрт көзінше ол маған орындық ұсынып, асты-үстіме түседі. Бірақ онысы – барып тұрған сайқалдық. Екіжүзділік. Кейде тіпті жұмыстан барғанымда «іш киіміңді көрсет, не бүлдіріп келдің» деп лаң салады.


Онымен қыздай қосылған жанмын. Өмірімде басқа еркектің бетіне қарап сөйлеген емеспін. Сонда да өмірімді ойран қылумен болды. Қазір бірсыпыра жасқа келсек те, үйге біреу қоңырау соға қалса жүгіріп барып тұтқаны өзі көтереді. Тіпті әйел адамдармен сөйлесіп тұрсам да құлағын тігіп тыңдап тұрады. Өне бойы толған күдік, күмән.


Жас кезімдегі көрген қиыншылығым, онсыз өткен ит өмірім былай тұрсын, жасы егде тартып қалса да әлі күнге дейін қол жұмсайды. Қатты ашуланғанда тамағымнан қылқындырып, енді жаным шығады-ау дегенде қоя береді. Сонысынан өзі ләззат алатын сияқты. Оның ондай адам екенін кім біліп жатыр. Түзде жүргенде керемет ақылды, сабырлы адамның кейпінде.


Ұлым үйленгелі бері ауылда тұрады, кондитерлік цехты келінім екеуі басқарып отыр. «Мама, әкеммен ажырас. Папамыздан не рахат көрдіңіз? Қартайғанда таяқ жеп жүрмекшісіз бе? Бәрін тастаңыз да, ауылға келіңіз» деп күнде безектейді. Бір күні менің де шыдамым таусылып, кезекті бір ұрыста «Кетемін, ауылға барып, балам мен келінімнің қасында тұрамын» деп ойымды айтып салдым. «Кетіп көр осыдан. Ұлың өлігіңді бір-ақ алады. Сүйектеріңді шауып-шауып, табытқа салып жіберемін» деп жанымды көзіме көрсетті.


Түрмеден келген жылы өзі бір келіншекпен көңіл жарастырып, алты ай соның үйіне кіріп алғаны бар. Бірақ ол келіншек басқа біреуге күйеуге шығып, мұны қуып жіберген. «Сендерден басқа ешкімге керек емес екенмін» деп жалынып келіп еді, бекер кіргізіппін.


Қазір қант диабетіне шалдыққан. Инсулин қабылдайды. Уақтылы тамағын беріп, дәрі-дәрмегін жеткізіп тұрамын. «Маған дұрыс тамақтану керек» деп базардан тіл алдырып, қайнатып, соны жейді. Үйден қымыз үзілмеуі керек. Бір күн ішпей қалса тағы да ұрыс, төбелес шығып кетеді. Енді белсіздікке ұшыраған. Онысы да жүйкесіне тиіп, баяғы «өнерін» үдетіп жүр.


Жастық шақта ажырасып кетпеген соң егде тартқан еркектен құтылудың өзі қиын екен. Белінен айырылғанына қатты қайғырып, «Осындай болғаным - сенің кесірің. Өйткені өмір бойы төсекте мені ләззатқа бөлей алмадың. Сенің ұяңдығыңнан мен басқа әйелдермен әуре боп, енді, міне, соның салдарын тартып жатырмын. Сен дұрыс қатын болсаң, осылай болатын ба еді» деуін бір қоймайды.


Сіздердің сайттарыңыздан күйеуінен қорлық көріп жүрген әйелдердің тағдырын жиі оқимын. «Қап, жас өмірін қор қылмай, ертерек ажырасып кетсе екен» деп тілеп отырамын. Себебі қызғаншақтық пен ішкілікті қойдыру мүмкін емес. Ол жыл өткен сайын үдей береді. Өзіңізге, балаларыңызға қауіп төнбей тұрғанда ондай «тирандардан» құтылу керек. Мен секілді қартайғанда бармақ тістеп отырмау үшін, осы бастан өзіңізді сыйлап, таяқ жемеудің қамын жасаңыздар дегім келеді».